Үздік студенттік жатақхана анықталды

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Студенттік қалашық әкімшілігі және Жоғары студенттер кеңесінің ұйымдастыруымен өткен «Көрісу күні – Амал мерекесінде» үздіктер марапатталды.
Мерекенің маңызын жастар арасында насихаттауға бағытталған шарада студенттер ұлттық киім киіп, бір-бірімен құшақ жайып көрісіп, үлкендерден бата алды. Ұйымдастырушылар Көрісу күнінің шығу тарихы мен маңыздылығы жайлы қысқаша баяндама жасап, қатысушыларды мерекелік көңіл күйге бөледі.
Шара аясында қазақтың ұлттық ойындары ойнатылып, «Үздік безендіру», «Үздік жатақхана» байқаулары өтіп, жеңімпаздарға дипломдар табысталды. Амал мерекесінің ең үздік безендіру номинациясы бойынша 1-орынды филология факультетінің студенттік кеңес ұйымы жеңіп алды. Ал ең үздік безендірілген №17 студенттер үйі «Үздік жатақхана» атанды.
Шара соңында ұйымдастырушылар қатысушыларға алғыс айтып, алдағы уақытта осындай игі бастамалардың жалғасатынын жеткізді. Студенттер де өз кезегінде бұл мерекенің жыл сайын жоғары деңгейде атап өтілетініне сенім білдірді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар


