Атом энергетикасы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары жанданады

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы меморандум жасасты. Аталған келісімге ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев пен «Қазатомпром» компаниясының өндіріс жөніндегі бас директоры Қуаныш Омарбековтің кездесуінде қол қойылды.
Тараптар алдағы уақытта атом саласы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ білім беру бағдарламаларын әзірлеп, білікті кадрларды бірлесіп даярлайды. Бұдан бөлек, ортақ ғылыми конференциялар мен симпозиумдар өткізіледі. Келісім аясында ҚазҰУ студенттері «Қазатомөнеркәсіп» компаниясында тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алады.
Жүздесуде оқу ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев құрметті қонақтарға ҚазҰУ-дың ғылыми инфрақұрылымын таныстырып, болашақтағы жұмыс жоспарымен бөлісті.
«Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысына қатыстым. Жиында Мемлекет басшысы елімізде үш атом электр станциясы салынатынын айтты. Бүгінгі меморандум аясында атом саласына қажетті мамандарды даярлайтын боламыз. Бұл болашақ үшін өте қажет. ҚазҰУ ұлттық компаниялармен әріптестік байланысты жандандыруға баса мән береді», – деді ректор.
Өз сөзінде компанияның өндіріс жөніндегі бас директоры Қуаныш Омарбеков ілтипат білдіргені үшін ЖОО басшылығы мен ұжымына ризашылығын жеткізіп, ынтымақтастықты арттыруға бағытталған барлық бастамаларды қолдайтынын айтты.
Кездесу соңында тараптар болашақта жүйелі жұмыс істеуге уағдаласып, естелік сыйлықтармен алмасты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар
