Өзбекстан университеттерімен байланыс артады

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Өзбекстанның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Бахтиёр Ибрагимовпен жүздесті.
Ректор мен елші екіжақты қатынастар аясындағы өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, жоғары білім мен ғылым бағытында бірқатар бірлескен жобаны жүзеге асырудың мүмкіндіктерін талқылады.
Кездесуде ҚазҰУ басшысы Жансейіт Түймебаев Бахтиёр Ибрагимовты елші лауазымына тағайындалуымен құттықтап, алдағы жұмысына табыс тіледі.
«Қазақ-өзбек арақатынасы жоғары деңгейде. Барлық сала бойынша екі ел арасындағы серіктестік байланыс қарқынды дамып келеді. Алдағы уақытта жоғары білім мен ғылым бағытын жаңа деңгейге көтеру қажет. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Өзбекстанның 10 жоғары оқу орнымен ынтымақтастықта. Сонымен қатар академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында оқытушылар мен студенттер алмасу жұмысы жөнге қойылған. Өзбекстан университеттерімен серіктестік орнатуға әрдайым дайынбыз», – деді Жансейіт Түймебаев.
Өз кезегінде Бахтиёр Ибрагимов ілтипат білдіргені үшін ЖОО ректорына ризашылығын білдіріп, қос мемлекет университеттері арасындағы байланысты жандандыруға бар күш-жігерін салатынын жеткізді.
Жүздесуден соң құрметті елші «Farabi Hub» инновациялық өнімдер мен жоғары технологиялық жобалар орталығымен танысты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар


