Стоматологияны оқыту тереңдетіледі

Фараби ғылыми кітапханасында «Қазақстан стоматологиясының даму жолдары мен болашағы. Стоматологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудегі пәнаралық тәсіл» тақырыбында халықаралық конференция өтті. Іс-шараға Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Беларусь және Оңтүстік Кореяның жетекші ғалымдары, профессорлар, медицина ғылымының докторлары мен кандидаттары, зерттеушілер, практик стоматологтар, сондай-ақ оқытушылар мен студенттер қатысты.
Конференцияның ашылуында қатысушыларды Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алтай Қазмағамбетов құттықтады. Ол стоматология саласындағы мамандар арасында тәжірибе мен білім алмасу платформасын құруға бағытталған осы іс-шараны өткізудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар п.ғ.д., профессор, ҚазҰУ медицина және денсаулық сақтау факультетінің деканы С.Қалмаханов және м.ғ.к., ҚазҰУ Стоматология кафедрасының профессоры М.Темірбаев сөз сөйледі.
Спикерлер атап өткендей, халықаралық конференция кәсіби қоғамдастық үшін маңызды оқиға. Ол стоматологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудегі заманауи тенденциялар мен инновацияларды талқылайтын ғалымдар, зерттеушілер, дәрігерлер мен мамандар арасындағы ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.
Конференцияда белгілі ғалымдар мен мамандар баяндама жасап, ой-пікірлерімен, тәжірибесімен бөлісті. Негізгі бағыттар ауыз қуысы ауруларын диагностикалаудың заманауи әдістеріне, стоматологиялық ауруларды емдеудің жаңа тәсілдеріне, регенеративті стоматологияға: перспективалар мен әзірлемелерге, сондай-ақ стоматологияда 3D технологиялары мен жасанды интеллектіні қолдануға, ауырсынуды басудың және анестезияның инновациялық әдістеріне, пациенттерді емдеудің кешенді пәнаралық тәсіліне және стоматологтардың басқа мамандықтағы дәрігерлермен өзара әрекеттесуіне арналды.
«Стоматологияның кейбір теориялық және практикалық аспектілері» атты баяндаманы С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті Стоматология мектебінің деканы, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас стоматологі, ҚСБҚ президенті, м.ғ.д., профессор Сәуле Есембаева жасады. «Балалардағы тіс қатарларының окклюзиялық жазықтығының өзгеруін емдеу және алдын алу әдістері» тақырыбын Бұхара медицина институтының Ортопедиялық стоматология кафедрасының профессоры, м.ғ.д. Акбар Саидов және Бұхара медицина институтының Ортопедиялық стоматология кафедрасының докторанты Гавхар Рузиева (Өзбекстан) ұсынды. «MAGIORE аз инвазивті импланттарын пайдаланудың бесжылдық тәжірибесі» туралы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Стоматология кафедрасының профессоры, м.ғ.д., «Алмагест» СО бас директоры Мақсұт Темірбаев, «Алмагест» СО стоматолог-ортопед дәрігері Г.Исаева, ҚазҰУ-дың Стоматология кафедрасының медицина магистрі Айзада Төлепбергенова баяндады. «Аз инвазивті имплантология – заманауи тренд» тақырыбы бойынша Минималды инвазивті имплантология академиясының (AMII) DDS зерттеушісі Hanee Bae (Корея) презентация жасады. Жоғары санатты стоматолог дәрігер, ҚҚА Басқарма мүшесі, ҚР бойынша «Colgate» халықаралық акциясының бас үйлестірушісі Айман Ахметқызы «Кариестің алдын алудағы дәлелді тәсіл» атты баяндамасын таныстырды.
Қатысушылар мұндай іс-шаралар білім алмасуға ғана емес, кәсіби байланыстарды нығайтуға да ықпал ететінін атап өтті. Конференция соңында баяндамалар талқыланып, қарар қабылданды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар


