Білім берудегі рухани-адамгершілік құндылықтар

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Адал азамат» тәрбие бағдарламасы тұжырымдамасын іске асыру аясында «Рухани-адамгершілік құндылықтар негізінде білім беру мен тәрбиелеудің психологиялық-педагогикалық тәсілдері» атты халықаралық конференция басталды.
Білім алушылардың заманауи қоғамда лайықты және табысты өмір сүруіне қажетті дағдылар мен құндылықтарды қалыптастыруға ықпал ететін жиын білім беру, тәрбие және дамыту интеграциясының мүмкіндіктерін талқылау, «Адал азамат» тәрбие бағдарламасын жүзеге асыру бойынша тәжірибе алмасу және рухани-адамгершілік қасиеттерді дамытуға бағытталған тәрбие ортасын құруға негізделген.
Халықаралық конференцияны Алматы қаласының білім басқармасы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың философия және саясаттану факультеті, Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институты және «Руханият арқылы бейбітшілік» қоғамдық бірлестігі бірлесіп ұйымдастырды.
Ғылыми жиынға психологтар, әлеуметтік педагогтер, еліміздің және АҚШ, Ресей, Әзірбайжан елдерінен келген ғалымдар қатысты.
Конференцияның ашылуында сөз алған Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев: «Білім беру мен тәрбиелеудің психологиялық-педагогикалық тәсілдерін тиімді қолдану арқылы біз ізгі, жауапты, саналы азаматтарды қалыптастырамыз. Осы тұрғыда рухани-адамгершілік құндылықтар негізінде білім беру – қоғамның болашағына салынған инвестиция», – дей келе, рухани-адамгершілік тәрбиенің маңыздылығына тоқталды.
Сондай-ақ жиынға қатысқан ғалымдар «Құндылыққа бағытталған білім – рухани-адамгершілікті тұлғаны қалыптастырудың негізі», «Жаһандық дағдарыс жағдайындағы тұлға: білім берудің рөлі», «Ынтымақтастық және тілектестік педагогикасы: жеке тұлғаны жетілдіру және қоғамның тұрақты дамуы үшін нейроғылымдардың жетістіктері» сынды басқа да тақырыптар бойынша баяндама жасап, өз ойларын ортаға салды.
Шара аясында Дағыстан мемлекеттік педагогикалық университеті (Ресей), «Руханият арқылы бейбітшілік» қоғамдық бірлестігі және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ үшжақты өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Екі күнге ұласатын конференция аясында рухани-адамгершілік құндылықтар негізінде білім беру мен тәрбиелеудің әртүрлі тәсілдері бойынша секциялық жұмыстар мен шеберлік сағаттары өтеді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар

