- Басты бет
- Жаңалықтар
- 🌍 әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушысы "Үндістан – Орталық Азия" III жастар форумына қатысты
🌍 әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушысы "Үндістан – Орталық Азия" III жастар форумына қатысты

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің медицина және денсаулық сақтау факультеті іргелі медицина кафедрасының оқытушысы Қайранова Гүлзат Қанатқызы 2025 жылғы 22–28 наурыз аралығында Үндістан Республикасында өткен "Үндістан – Орталық Азия" III жастар форумына Қазақстан Республикасының жастар делегациясы құрамында қатысты.
Гүлзат Қайранованың кандидатурасы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитеті тарапынан ұсынылды.
Форумның ресми бағдарламасы аясында Үндістан үкіметінің жоғары лауазымды өкілдерімен, соның ішінде сыртқы істер министрі және жастар істері және спорт министрімен кездесулер өтті. Жастар алмасуын нығайту, бірлескен жобаларды жүзеге асыру, тұрақты даму мен мәдениетаралық диалогты ілгерілету мәселелері талқыланды.
Делегация сондай-ақ елдің жетекші техникалық жоғары оқу орындарының бірі – Делидегі Үнді технологиялық институтына (IIT Delhi) барды. Онда қатысушылар инженерлік білім беру, цифрлық технологиялар және стартап-мәдениет саласындағы заманауи тәсілдермен танысты.
Гоа штатында бағдарлама аясында тарихи және мәдени орындар – Агуада қамалы, Бом-Жезус базиликасы және Мандови өзені араланды. Сонымен қатар, делегация Үндістанның MY BHARAT жастар қозғалысының еріктілерімен және Гоа штатының губернаторымен кездесті. Бұл сапар Үндістанның қоғамдық-мәдени өміріне тереңірек бойлауға мүмкіндік берді.
Форумға қатысу халықаралық жастар дипломатиясын дамытуға, академиялық және мәдени көкжиектерді кеңейтуге, сондай-ақ Қазақстан мен Үндістан арасындағы серіктестік байланыстарды нығайтуға маңызды үлес қосты.
Сылтеме: https://www.instagram.com/p/DHv1R3HifG_/?igsh=b2VlN25teW5kZnpi
Басқа жаңалықтар


