«Жастар және кәсіпкерлік» тақырыбында тәрбиелік іс-шараFarabi University

«Жастар және кәсіпкерлік» тақырыбында тәрбиелік іс-шара

4 сәуір, 2025

2025 жылғы 4 сәуір күні сағат 14:00-де «Жастар және кәсіпкерлік» тақырыбында тәрбиелік іс-шара ұйымдастырылды. Оған механика-математика факультетінің «Актуарлық математика» мамандығы, 1 курс, АКМ 24/4 тобының қазақ бөлімінің студенттері қатысты.  Модератор – Экономика кафедрасының 1 курс докторанты Ә.Ж. Сәрсенова.

Іс-шараның мақсаты – студент жастардың қазіргі қоғамдағы ең өзекті бағыттардың бірі кәсіпкерлікке деген қызығушылығын арттыру, жастардың бойында өз ісін бастауға деген ынта мен сенімді ояту және кәсіпкерліктің ел экономикасының дамуындағы маңызын айқындау.

Бұл тәрбие сағаты БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары (ТДМ) шеңберінде өткізіліп, ТДМ 4 – «Сапалы білім» және ТДМ 8 – «Лайықты жұмыс және экономикалық өсім» мақсаттарының 8.6 тармағын қамтыды.

Сөз алған экономика ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы Ережепова А.А. «Жас кәсіпкер», «Бастау Бизнес» сияқты бағдарламалар туралы айтып өтті. Сонымен қатар, табысты жас кәсіпкерлердің нақты мысалдарын келтіріп, олардың жетістікке жету жолдарын студенттерге үлгі ретінде ұсынды.

Іс-шара барысында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Олар кәсіпкерлікке қатысты тың идеяларымен бөлісіп, өз болашағына жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік алды.

Студенттер іс-шарадан үлкен әсер алып, келешекте өз кәсібін ашуға деген сенімдері нығая түсті.