Маман біліктілігін арттыру – уақыт талабы

2 ақпан, 2016

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология және әлем тілдері факультеті шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасына қарасты Аударма орталығы жаңа жылды жарқын қадамдармен бастады. Аударма орталығының директоры ф.ғ.к., доцент Л. Мұсалының ұйымдастыруымен 20 қаңтардан 1 ақпанға дейінгі аралықта республикамыздың мектеп және жоғары оқу орындары оқытушыларына арналған «Шет тілдерін оқыту әдістемесі» курсы өтті.

ҚазҰУ-дың Біліктілікті арттыру институтының директоры Б.Шайкенов және ұжым мүшесі С. Налибаевамен бірлесіп жүзеге асқан шара қазіргі таңдағы шет тілдерін оқыту әдістерімен таныстыру, толықтыру және дамытуды мақсат еткен болатын. Біліктілікті арттыру курсына еліміздің түкпір-түкпірінен шет тілдері мұғалімдері мен университет оқытушылары қатысты. Батыс Қазақстан облысының Ақтау, Орал қалаларынан, Шығыс Қазақстаннан, Қостанайдағы Лисаковск қаласынан, Қарағанды және Алматы қалаларынан келген тыңдаушылар курс дәрістеріне ерекше қызығушылық танытты.

Курста оқылған дәрістер заман талабына сай, қызықты әрі мазмұнды болды. Филология және әлем тілдері факультетінің шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының білікті де тәжірибелі мамандары мен әдіскерлері сабақ жүргізді. Атап айтсақ, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент

А.К. Садықова., ф.ғ.к., доцент И.Ғ. Оразбекова, аға оқытушылар – Т.П. Колесникова, А.К. Валиева, Т.О. Қоңырбекова шет тілін, оның ішінде ағылшын тілін оқытудың жаңа әдістерін ортаға салып, өз тәжірибелерімен бөлісті.

Курс бағдарламасы мынадай тақырыптарды қамтыды: «Ағылшын тілі сабақтарында түрлі ойындарды қолдану», «Сөйлеу (Speaking) дағдыларын дамыту әдістері», «Оқытуды (Reading) үйретудегі инновациялық әдістер», «Шетел тілі сабақтарында фильмді қолдану» және т.б.

Тақырыптар тыңдаушылар талабынан шығып, олардың қызығушылықтарын арттыра түскені байқалды. Тыңдаушылар курс жүргізген дәріскерлерге ерекше ықыластарын білдіріп, алғыстарын жаудырып жатты. Еліміздің шалғай аудандарынан келген мектеп мұғалімдері өз тәжірибелеріне тәжірибе қосып, жаңа тыныс алғандарын айтты.

Сондай-ақ дәріс барысында ҚазҰУ-дың Біліктілікті арттыру институтының директоры Барлық Шайкенов университеттің ғылым мен білім саласындағы жетістіктерімен таныстырып, тыңдармандарға ұрпақ тәрбиесінде зор жетістіктер тіледі. Әр тыңдарманға курстың куәлігін өз қолымен табыс етті.

Елбасымыздың үш тілдік саясатын жүзеге асыру бағытында ағылшын тілі оқытушыларына аталған курстың орасан зор ықпал еткені анық. Шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының «Аударма орталығы» маман біліктілігін арттыратын курстарды болашақта да белсенді жүзеге асырмақ.