Тұрақты экономикалық даму – ғалымдар назарындаFarabi University

Тұрақты экономикалық даму – ғалымдар назарында

8 сәуір, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Жаһандық өзгерістер жағдайындағы тұрақты экономикалық даму парадигмасы: сын-қатерлер, салдарлар, мүмкіндіктер» тақырыбында халықаралық ғылыми конференция өтуде.

Ғылыми форум әлемдік күн тәртібіндегі аса маңызды және өзекті мәселелердің бірі – жаһандық трансформациялар жағдайында орнықты экономикалық даму үлгісін іске асыруға арналған.  Іс-шараға белгілі шетелдік және отандық ғалымдар, мемлекет қайраткерлері, экономика және бизнес саласындағы сарапшылар, еліміздің жоғары оқу орындарының оқытушылары мен жас зерттеушілер қатысты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов қатысушыларды халықаралық ғылыми конференцияның ашылуымен құттықтап, өткізіліп жатқан шара  ашық диалог, ғылыми идеялармен алмасу және тұрақты экономикалық даму мәселелері бойынша нақты ұсынымдар әзірлеу үшін платформа болуға арналғанын атап өтті. Университет білімді қалыптастыру, сыни ойлауды дамыту және әлеуметтік жауапты көшбасшыларды тәрбиелеу сияқты жаңа буын университетінің миссиясын дәйекті түрде жүзеге асыруда. ҚазҰУ – бұл оқу орталығы ғана емес, сонымен қатар қуатты ғылыми-зерттеу кластері. Университеттік ғылыми қоғамдастық шеңберінде ұлттық және халықаралық гранттар желісі бойынша ондаған жоба іске асырылуда.

«Атап айтқанда экономика саласында тұрақты өсу, жасыл қаржы, цифрлық платформалар және экономикалық интеграция саласында іргелі зерттеулер жүргізілуде. Біз қолданбалы ғылымды белсенді түрде дамытып жатырмыз, университеттік зерттеулер мемлекеттік және корпоративтік шешімдер қабылдауға негіз болады. «Экономика және эконометрика», «Бизнес және басқару» сияқты бірқатар бағыттар бойынша біз әлемнің және Орталық Азияның жоғары оқу орындары арасында көшбасшы орындарға ие болып отырмыз. Біздің университет ел экономикасын трансформациялауға белсенді қатысуға бағытталған. Біз белгісіздік жағдайында тиімді жұмыс істеп қана қоймай, экономикалық өзгерістердің сәулетшісі бола алатын жоғары білікті кадрларды даярлаймыз», – деп атап өтті бірінші проректор.

Конференцияның ашылуында сондай-ақ Мәжіліс депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Дәулет Мұқаев, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары, ҚР Ұлттық банкінің Алматы қаласындағы тұрақты өкілдігінің басшысы Виталий Тутушкин, Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, Падуа университетінің зерттеушісі, профессор (Падуя қ. Италия) Дэвид Челетти онлайн байланыс арқылы қатысып, сөз сөйледі.

Іс-шара пленарлық және секциялық отырыстар форматында жалғасты. Қатысушылар тұрақты экономикалық дамудың өзекті мәселелері мен перспективаларын талқылады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі