Экономика және бизнес жоғары мектебінде жаңғыртылған 218-аудитория ашылдыFarabi University

Экономика және бизнес жоғары мектебінде жаңғыртылған 218-аудитория ашылды

9 сәуір, 2025

Экономика және бизнес жоғары мектебінде қазіргі заман талаптарына сай білім беру сапасын арттыру, студенттердің практикалық және ғылыми әлеуетін дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта «Менеджмент және бизнес білім беру» орталығының жанынан жаңғыртылған 218-аудиторияның салтанатты ашылуы өтті.

Жаңа аудитория – тек оқу кеңістігі ғана емес, білім мен тәжірибені, ғылым мен инновацияны тоғыстыратын заманауи алаң. Мұнда студенттер жобалармен айналысып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, интерактивті әдістер арқылы нақты практикалық дағдыларды меңгереді.

Аудиторияға толық жөндеу жұмыстары жүргізіліп, заманауи жиһаздармен, оқу процесін қолдауға арналған құрал-жабдықтармен жабдықталды. Интерактивті тақта, визуалды құралдар мен презентациялық жүйелер орнатылды. Бұл — студенттер мен оқытушылар үшін қолайлы әрі ынталандырушы оқу ортасы.

Бұл бастама БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттардың ТДМ-4 «Сапалы білім беру», ТМД-17 «Тұрақты даму үшін серіктестік» қағидаларымен толық үндеседі. Яғни, университет, бизнес, түлектер мен қоғам арасындағы өзара байланыс пен қолдаудың нақты үлгісі.

Жобаға демеушілік көрсеткен – «Baurdaq» компаниясының негізін қалаушы, университетіміздің PhD түлегі Жакупбекова Гүлдана ханымға ұжым атынан шынайы алғыс білдіреміз. Бұл – түлектеріміздің туған оқу ордасына деген құрметінің, жауапкершілігінің және сенімінің жарқын көрінісі.

 Жаңғыртылған аудитория – ҚазҰУ-дың инновациялық даму стратегиясын жүзеге асырудағы нақты қадамдардың бірі. Ол оқу үдерісін жандандырып қана қоймай, шығармашыл ойлау мен көшбасшылық қабілеттерді дамытуға септігін тигізеді.

Бұл кеңістікте алдағы уақытта түрлі тренингтер, стартап жобалар, ғылыми семинарлар мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылып, оны студенттер мен оқытушылардың идеялар зертханасына айналдыру көзделуде.