Фараби бизнес мектебі бизнес-білімді жетілдіруде

Фараби бизнес мектебінің өкілдері Ташкентте өткен Орталық Азия бизнес-мектептерінің әлеуетін арттыру жөніндегі халықаралық семинарға қатысты. Бұл шараны бизнес-білім берудегі жетекші халықаралық ұйым – AMBA & BGA (Association of MBAs & Business Graduates Association) ұйымдастырды.
Farabi International Business School екінші жыл қатарынан AMBA & BGA қауымдастығының мүшесі болумен қатар, осы беделді ұйымның халықаралық аккредитациясын алуға белсенді түрде үміткер. Аталған қауымдастық аккредитациясы – қоғамға және бизнес ортаға өз ықпалын нақты әрі тұрақты түрде арттыра алатын бизнес-мектептерге берілетін жоғары білім сапасының танымал көрсеткіші.
Семинардың негізгі тақырыбы Орталық Азия елдеріндегі басқарушылық білім берудің әлеуетін ашу және тиімді пайдалану мәселелері болды. Конференция Қазақстан, Өзбекстан және басқа да Орталық Азия елдерінің жетекші бизнес-мектептерінің басшыларын жинап, халықаралық бәсекеге қабілеттілікті арттыру жолдарын, оқу бағдарламаларын жетілдіру және білім берудегі инновациялық тәсілдерді дамыту мәселелерін талқылады.
Farabi International Business School директоры Жарасхан Сарыев Қазақстан және Өзбекстанның жетекші университеттері басшыларымен бірге панельдік пікірталасқа қатысты. Өз сөзінде ол академиялық еркіндік пен мемлекеттік бақылауды ұштастырудың маңыздылығын ерекше атап өтіп, осы тәсілдің білім беру сапасына және мемлекеттік университет жанындағы бизнес-мектептің оқу үдерісіндегі инновациялық дамуға қалай ықпал ететінін жан-жақты баяндады.
Конференция қарсаңында Farabi International Business School делегациясы Өзбекстанның ең қарқынды дамып келе жатқан университеттерінің бірі – Central Asian University-де (CAU) болды. CAU бизнес-мектебінің негізін қалаушы деканы, ғылым докторы Одилжон Абдураззаковтың басшылығымен өткен жұмыс кездесуінде тараптар университеттердің қазіргі қызметі жайлы ақпарат алмасты, өңірдегі бизнес-мектептердің алдында тұрған негізгі сын-қатерлерді талқылап, бірлескен дамудың перспективалары мен бағыттарын белгіледі.
Кездесу барысында университетаралық ынтымақтастықты дамытуға, табысты тәжірибемен алмасуға, инновациялық білім беру технологияларын енгізуге, оқу орындарының инфрақұрылымын жақсартуға, сондай-ақ студенттердің академиялық ұтқырлығын арттыру мен профессор-оқытушылар құрамының біліктілігін көтеруге ерекше көңіл бөлінді.
Farabi International Business School өкілдерінің осындай халықаралық іс-шараларға қатысуы қазақстандық білім берудің әлемдік деңгейдегі танымалдығын арттыруға ықпал етеді, университеттің Орталық Азиядағы беделді бизнес-білім беру орталығы ретіндегі орнын нығайтады және ұзақ мерзімді академиялық серіктестіктер құруға жол ашады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар

