Қытайлық әріптестермен ғылыми тәжірибе алмасу

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басшылығы Шаньдун-АСЕАН (ҚХР) таланттар және өнеркәсіп ғылыми-зерттеу институтының делегация құрамымен кездесіп, жүздесу аясында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Кездесуде ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов делегация құрамының бірлескен жұмысқа қызығушылық танытқанына алғыс білдіріп, білім ордасының Қытайдың жетекші университеттерімен және ғылыми институттарымен ынтымақтастықты белсенді дамытып отырғанын атап өтті.
Қол қойылған келісімдер шеңберінде университеттер арасында академиялық және ғылыми-зерттеу жұмыстары белсенді жүргізілуде. ҚазҰУ базасында Солтүстік-батыс политехникалық университетінің (СБПУ) филиалы ашылып, табысты жұмыс істеуде. Университетте ҚХР ЖОО-ларымен бірлескен ғылыми орталықтар мен зертханалар құрылды. Атап айтсақ, олар: Қашықтықтан зондтау және оларды қолдану технологияларының Қытай-Қазақстан бірлескен зертханасы, ZTE корпорациясымен бірлескен Оқу-зерттеу орталығы, Орталық Азиядағы тұрақты даму орталығы, Энергияны көп қажет ететін нанотехнологиялар жөніндегі халықаралық Қытай-Қазақстан ғылыми зертханасы, 5G/5.5G коммуникациялық технологиялар зертханасы. Өз сөзінде бірінші проректор Еркін Ерманұлы: «Біздің таланттар мен өнеркәсіп ғылыми-зерттеу институтымен өзара байланысымыз бірлескен білім беру және ғылыми жобаларды іске асырудағы маңызды кезең болатынына сенімдіміз», – деп атап өтті.
Өз кезегінде делегация басшысы АСЕАН Шаньдун таланттар индустриясы ғылыми-зерттеу институтының директоры Лю Ядун – Шаньдун-АСЕАН таланттар және өнеркәсіп ғылыми-зерттеу институтының қызметі туралы баяндады. Институт жұмысының маңызды бағыттары халықаралық кадрларды тарту, ғылыми-техникалық ынтымақтастық және инновациялық жобаларды іске асыру болып табылады.
Тараптар ғылыми-зерттеу тәжірибесін жетілдіру мен тағылымдамадан өтуді қамтамасыз ету мақсатында бірлескен курстар өткізіп, оқытушылармен және студент, магистрант, докторанттармен алмасу жұмыстарын жүйелі жүргізуге уағдаласты. Сондай-ақ бірлескен білім беру бағдарламаларын, оның ішінде қос диплом беруді, бірлескен зерттеу қызметін және басқа да бағыттарды әзірлеуді және іске асыруға келісті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар

