Археолог мамандарды даярлау сапасы артадыFarabi University

Археолог мамандарды даярлау сапасы артады

11 сәуір, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ғылым онкүндігі аясында тарих факультетінде тарихи және мәдени мұраны сақтауға арналған дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Аталған шараға Францияның халықаралық жекеменшік Eveha ғылыми-зерттеу мекемесінің бас директоры Тома Кресеин және RCHeritage компаниясының директоры Симоне Рикка, сондай-ақ осы компаниялар өкілдері мен ғылыми қызметкерлері қатысты.

Жиынды тарих факультетінің деканы Досбол Байқонақов ашып, келген қонақтарды университет ғалымдарының ғылыми-зерттеу жұмыстарымен, оқу үдерісімен таныстырды. Кездесу барысында пікір алмасып, таныстырылымдар жасалды, өзара ынтымақтастық мүмкіндіктері қарастырылды.

Eveha компаниясы басшылығының айтуына қарағанда, аталған мекеме 2006 жылы Францияда құрылған және оның қызметі археологиялық жұмыстың барлық дерлік салаларын қамтиды, қазба жұмыстарынан бастап – жарияланым жасауға дейін, сондай-ақ тарихи және мәдени мұраны сақтауға дейін. Дербес немесе ғылыми-зерттеу институттарымен және университеттермен бірлесіп жұмыс істейтін ұйым төрт құрлықта көптеген археологиялық бағдарламаларды, сондай-ақ алдын алу және құтқару жобаларын жүзеге асырған.

Ал RC Heritage компаниясы басшысының айтуынша, компания 2007 жылы құрылған сәттен бастап мәдени мұра нысандарын қорғауға және дамытуға көмектесуге ұмтылады және мұраны сақтау, қалпына келтіру және дамыту саласында жоғары сапалы қызметтерді ұсынумен айналысады.

Кездесу барысында тараптар археология және музеология саласында біліктілікті арттыру, ғылыми-тәжірибелік оқу, тағылымдамадан өтуді ұйымдастыру, бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу және тарихи-мәдени мұраға қатысты басқа да бағыттар бойынша пікір алмасты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі