«Салық салудағы цифрландыру» тақырыбында қонақ дәрісFarabi University

«Салық салудағы цифрландыру» тақырыбында қонақ дәріс

11 сәуір, 2025

2025 жылғы 11 сәуірде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Экономика және бизнес жоғары мектебінде өткен «Жаһандық өзгерістер жағдайындағы тұрақты экономикалық даму парадигмасы: сын-қатерлер, салдар, мүмкіндіктер» атты ІІІ Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция аясында «Қаржы» білім беру бағдарламасының студенттеріне «Қаржылық қызметтерді цифрландыру» пәні бойынша «Салық салудағы цифрландыру» тақырыбында қонақ дәріс өтті.

Қонақ дәрісті «Қаржы және есеп» кафедрасының доценті, экономика ғылымдарының кандидаты Айжан Сәрсенқызы Асилованың ұйымдастыруымен Алматы қаласы Медеу ауданы бойынша Салық басқармасынан арнайы шақырылған тәжірибелі мамандар – Келімбетов Арман және Жартыбаева Анара өткізді.

Дәріс барысында студенттер салық салу жүйесін жетілдіру, электрондық қызметтердің артықшылықтары және салық есептілігінің цифрландырылуы туралы терең мағлұмат алды. Мамандар нақты мысалдар келтіріп, сұрақ-жауап форматында пікір алмасу сессиясын өткізді.

Басты мақсат – цифрлық технологиялардың салық саласындағы рөлін түсініп, заманауи шешімдерді талқылау болды. Қонақтар студенттердің сұрақтарына нақты әрі түсінікті жауап беріп, салық және цифрландыру салалары бойынша пайдалы ақпаратпен бөлісті. Бұл кездесу студенттер үшін теория мен практиканы ұштастыруға үлкен мүмкіндік болды, әрі қызықты әрі мазмұнды дәріс ретінде есте қалды.

Бірлескен талқылаулар мен идеялар алмасу студенттердің цифрландыру үдерістеріне деген қызығушылығын арттырды. Біздің болашағымыз – инновацияға негізделген, сондықтан біз әрқашан жаңашылдықты қолдаймыз!

Дәріс соңында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Экономика және бизнес жоғары мектебі «Қаржы және есеп» кафедрасы мен Алматы қаласы Медеу ауданы Салық басқармасы арасында болашақта студенттерді өндірістік тәжірибеден және магистранттарды тағылымдамадан өткізуге келісім жасалып, меморандумға отыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.