Жоғары технологияларды дамыту бағыттары

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Central Asia-China Advanced Computing Symposium» атты халықаралық конференция өтті.
Іс-шараға ҚазҰУ-мен қатар, басқа да жоғары оқу орындарының басшылары, соның ішінде Ақпараттық технологиялар университетінің цифрландыру және инновациялар жөніндегі проректоры Дүзбаев Нұржан Тоққожаұлы, Қазақстан-Британ техникалық университетінің ғылым және инновация жөніндегі проректоры м.а. Аханова Назым Ерланқызы, Шәкәрім университетінің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Дәрібаев Бейімбет Серікұлы және Алматыдағы ҚХР консулдығының өкілдері, белгілі ғалымдар мен профессорлар, IT-технологиялар саласындағы танымал сарапшылар мен білім алушы жастар қатысты.
Соңғы жылдары Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Қытай жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтары білім, ғылым және технологиялар саласында тығыз ынтымақтастық орнатқан.
Конференция жұмысы жоғары технологиялар саласындағы бірлескен инновациялық зерттеулерді дамытуға және халықаралық әріптестікті нығайтуға бағытталды.
Жиында сөз сөйлеген ақпараттық технологиялар факультетінің деканы Олжас Тұрар: «Қазір әлем елдері кванттық есептеулер мен жасанды интеллект технологияларына басымдық береді. Осы салалардағы бірлескен зерттеулер цифрлық технологияның жаңа жетістіктеріне апаратын ең қысқа жол болып табылады. Бүгінгі жиында өнімділігі жоғары есептеулер бойынша бірлескен ғылыми-зерттеу орталығын құру мәселесі талқыланады. Бұл бастама біздің ғылым мен инновациядағы ортақ жетістіктеріміздің негізі болады», – деп атап өтті.
Сондай-ақ жиын аясында Қытай Халық Республикасының Алматыдағы бас консулы Цзян Вэй, Хуаджун ғылым және технологиялар университетінің профессоры Джину Хаю сөз сөйлеп, баяндама жасады.
Конференция пленарлық мәжіліс пен секциялық отырыстарға ұласты. Қатысушылар жоғары технологияларды, жасанды интеллектіні дамытудың және оларды жоғары білім беру саласына енгізудің өзекті мәселелерін талқылады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар

