Үздік жас ғалым – келешектің жарқын кепілі

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да IV халықаралық Фараби форумының жабылу салтанаты өтіп, жыл сайынғы ауқымды іс-шараның қорытындысы шығарылды. Аталмыш жиын барысында «ҚАЗҰУ-ДЫҢ ҮЗДІК ЖАС ҒАЛЫМЫ» атты байқаудың нәтижесі шығарылып жас ғалымдар 100 000 теңге сыйақы мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «ҮЗДІК ЖАС ҒАЛЫМЫ» дипломдарымен марапатталды.
Салтанатты жиынды Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев ашып, қатысушыларды Ғылым қызметкерлері күнімен құттықтады. Ректор Фараби форумы жас ғалымдарды ынталандыруға және жаңа стартаптарды қолдауға бағытталғанын айтып, ҚазҰУ-дың зерттеу университеті мәртебесін алғаннан бері білім мен ғылым интеграциясы бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті. Осы орайда жас ғалымдардың ғылымға қосқан үлесі, келешекте көптеген жобалар мен жаңа бастаулардың ұйытқысы болатын жас ғалымдар екенін басып айтты.
Бүгінгі таңда ғылым мен білім – ел дамуының басты тіректерінің бірі. Бұл жолда еңбек етіп жүрген жас ғалымдардың орны ерекше. Үздік жас ғалым – бұл тек үздік болған немесе ғылыми мақалалар жариялаған зерттеуші ғана емес, бұл – ізденуден жалықпайтын, өз ісіне шын берілген, ел болашағына бейжай қарамайтын тұлға. Мұндай ғалымдар ғылымның түрлі салаларында жаңалық ашып, өз еңбектерімен халықаралық деңгейде танылып жүр. Қазіргі таңда Қазақстанда жас ғалымдарды қолдауға арналған түрлі мемлекеттік бағдарламалар мен гранттар бар. Бұл – ғылымға бет бұрған жастар үшін үлкен мүмкіндік әрі сенім арту. Осындай қолдаудың арқасында көптеген жас зерттеушілер өз жобаларын жүзеге асырып, маңызды ғылыми жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Үздік жас ғалым – тек бүгіннің ғана емес, ертеңгі күннің де сәулесін жаятын шамшырақ. Олардың табандылығы мен ізденісі еліміздің ғылымын жаңа деңгейге көтеретіні сөзсіз.
Осы орайда факультетіміздің «ҮЗДІК ЖАС ҒАЛЫМЫ» Сұлтанбек Кутлугжон Бахритдинұлы атанып отыр. Ол – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Филология факультеті, Түркітану және тіл теориясы кафедрасының аға оқытушысы, PhD докторы. Жас ғалымның ғылыми қызығушылығы түркі тілдерін оқыту әдістемесі мен тарихи тіл біліміне бағытталған. Ол отандық және халықаралық жобалардың ғылыми қызметкері, сонымен қатар бірнеше скопус мақаласының авторы.
Сұлтанбек Кутлугжон Бахритдинұлының еңбектері тек теориялық тұрғыда ғана емес, практикалық маңызға да ие. Ол студенттерге көне түркі руникасы мен орта ғасырлық араб графикалы мәтіндерді оқу бойынша курстар жүргізіп, жастардың тарихи тілдерге деген қызығушылығын арттыруда. Сонымен қатар қазіргі түркі тілдерін оқыту мәселесі бойынша да еңбектер етіп жүр. Ізденушінің ғылыми-зерттеу жұмыстары мен оқытушылық қызметі филология саласындағы жас ғалымдардың үлгі тұтарлық еңбектерінің бірі болып табылады. Оның табандылығы мен ізденісі еліміздің ғылымын жаңа деңгейге көтереді деп үміттенеміз.
Басқа жаңалықтар

