
2025 жылдың 15 сәуірінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Химия және химиялық технология факультетінің жас ғалымдары Алматы қаласы, Алатау ауданындағы №201 мектеп-гимназиясында «Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі химияның рөлі» атты ғылыми-танымдық семинар өткізді.
Семинардың мақсаты – мектеп оқушыларын БҰҰ жариялаған Тұрақты даму мақсаттарының (ТДМ) мазмұнымен және осы мақсаттарға жетудегі химия ғылымының стратегиялық маңызымен таныстыру болды.
Шараны ұйымдастырушы – факультет оқытушысы, химия ғылымдарының кандидаты Қалабаева Майра Қасенқызы. Ол оқушыларға тұрақты дамудың мәнін, химияның экология, энергетика, өнеркәсіп және ресурстарды тиімді пайдалану салаларындағы орнын ғылыми тұрғыдан түсіндірді.
Жас ғалымдардың баяндамалары:
▪️ Оразов Жандос – «Суды тазарту әдістері: дезинфекция, сүзу, сорбция» (ТДМ 6)
▪️ Жолдас Ерасыл – «Баламалы энергия көздері және катализ» (ТДМ 7, 9)
▪️ Кеңес Қайрат – «Қалдықтарды қайта өңдеу және экологиялық таза технологиялар» (ТДМ 12, 13, 14)
Оқушылар зерттеушілердің ғылыми жобаларымен танысып, сирек жер элементтері, энергия тиімділігі, шикізатты кешенді өңдеу, жасыл химия сынды өзекті мәселелер бойынша сұрақтар қойып, нақты жауаптар алды.
Семинар аясында мектеп бітіруші түлектерге факультет туралы, мамандықтар мен зертханалық база жайлы ақпарат беріліп, кәсіби бағдар жүргізілді.
Іс-шара соңында профессор Құраманғали Бекішевтің қолтаңбасы қойылған, факультеттің ресми мөрі басылған «Химиядан есептер», «Тотығу-тотықсыздану реакциялары» және «Органикалық химия» атты оқу құралдары Қалабаева Рабиға Қасенқызы атындағы мектептің химия кабинеті кітапханасына тарту етілді.
Қорытынды: Химия – тек пән емес, ол – тұрақты болашақтың іргетасы.
Басқа жаңалықтар

