Криптология бойынша студенттік олимпиада өтті

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Криптология» білім беру бағдарламасы бойынша республикалық студенттік олимпиада өтті. Аталған зияткерлік сайысқа еліміздің түрлі жоғары оқу орындарынан келген талантты студенттер қатысты.
Олимпиаданың мақсаты жас мамандардың криптографиялық әдістер мен ақпараттық қауіпсіздік саласындағы білімін арттыру және ғылыми-зерттеу жұмыстарына ынталандыруға бағытталған. Шараға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ, ҚР Ішкі істер министрлігінің Алматы академиясы, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің академиясы, Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті және басқа да жоғары оқу орындары қатысты.
Олимпиада үш кезеңді қамтыды. Бірінші кезеңде студенттер сандар теориясы, математикалық статистика, ықтималдықтар теориясы, дискретті математика және криптографияның математикалық негіздері бойынша есептерді шешті. Екінші кезеңде криптография және криптоанализге байланысты практикалық тапсырманы орындады. Үшінші кезеңде қатысушылар криптографиялық есептерді шешуге арналған бағдарламалық кодты жасақтады. Осылайша студенттер шифрлау алгоритмдері, криптожүйелерді талдау, мәліметтерді қорғау тәсілдері бойынша күрделі тапсырмаларды орындап, жеке және топтық форматта бәсекеге түсті.
Нәтижесінде 1-орынды Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті Сырым Исмаилов жеңіп алды. 2-орынды ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің академиясынан Әлішер Алпысбай және ҚазҰУ студенті Ермек Нұрбақыт иеленді. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті Ақмарал Сағай және ҚазҰУ студенттері Вероника Федоренко мен Дәурен Назарбаев 3-орын алды.
Осылайша жеңімпаздар арнайы дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталып, барша қатысушыларға сертификат табысталды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай олимпиадалар жастардың ғылыми-техникалық шығармашылығын дамытуға, заманауи цифрлық қауіпсіздік саласына қызығушылығын арттыруға зор үлес қосады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар

