Бейжің шет тілдер университетімен ынтымақтастық

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Бейжің шет тілдер университетінің президенті Цзя Вэньцзян бастаған делегациямен кездесу өткізді.
Жүздесу барысында оқу ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев құрметті қонақтарды қарсы ала отырып, ҚазҰУ-дың қызметі мен жетістігі туралы ақпарат берді. Өз сөзінде ректор қос университет арасындағы әріптестік байланысты арттыру мақсатында ортақ ғылыми конференциялар мен симпозиумдар өткізу, қосдипломдық білім беру бағдарламасын іске асыру қажет екеніне тоқталды.
«ҚазҰУ Қытай ЖОО-ларымен тығыз жұмыс істейді. Бізде қытай тілін білетін білікті мамандар жетерлік. Осы тұрғыда қытай тілін оқыту бойынша жұмыстарды бірлесіп дамыта аламыз. Сондай-ақ ортақ ғылыми жобаларды жүзеге асыру қажет. Бейжің шет тілдер университетінің ғалымдарын ҚазҰУ-дың жас зерттеушілеріне жетекшілік етуге шақырамыз», – деді ректор.
Өз кезегінде Бейжің шет тілдер университетінің президенті Цзя Вэньцзян кездесуде айтылған барлық бастамалар мен жобаларды қолдайтынын айтып, бірқатар ұсыныс-пікірін ортаға салды.
«Университетте 1200-ден астам шетелдік студент білім алады. Бизнес ісі, қытай тілі және халықаралық қатынас факультеттерін таңдаушылар қатары көп. Сонымен қатар қазақ тіліне деген сұраныс та жоғары. Осы орайда, білім алушы жастарға қазақ тілін үйрету үшін ҚазҰУ ғалымдарын жіберуді сұраймыз. Бұдан бөлек, ҚазҰУ-дың оқытушы-профессорлар құрамын онлайн форматта дәріс беруге шақырамыз», – деді Цзя Вэньцзян.
Келіссөз барысында тараптар аталған ұсыныстарды жүйелі түрде жүзеге асыруға уағдаласып, жоғары білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастық бағыттарын талқылады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар

