ҚазҰУ Харбин инженерлік университетімен серіктестік орнатуда

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға Харбин инженерлік университетінің делегация құрамы арнайы сапармен келіп, университет басшылығымен әріптестік бағыттары мен келешегін талқылады.
Делегация құрамын Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов қарсы алды. Проректор бүгінде ҚазҰУ-дың ғылыми-зерттеу университеті мәртебесіне ие болғалы қандай қызметтер атқарылып жатқанын айтып, халықаралық ынтымақтастық бағыттары белсенді дамып, кеңейе түскеніне тоқталды.
Бүгінде ҚХР университеттері білім ордасының стратегиялық маңызды серіктестерінің тізімінде ерекше орын алады. ҚазҰУ ғылым, жоғары білім және мәдениетаралық алмасу саласындағы стратегиялық ынтымақтастықты дамытатын Қытайдың 65 жоғары оқу орнының ішіндегі ең танымалдарын атап өткен жөн. Олар: Пекин университеті, Цинхуа университеті, Шанхай шет тілдер университеті, Шанхай саясат және құқық университеті, Сиань Цзяотун университеті және басқалар.
ҚХР университеттерімен бірлескен көптеген жобалардың қатарында Солтүстік-батыс политехникалық университетінің (СБПУ) филиалы, Жерді қашықтықтан зондтау орталығы, Қашықтықтан зондтау технологиялары мен қолдану жөніндегі Қытай-Қазақстан бірлескен зертханасы, ZTE корпорациясының оқу-зерттеу орталығы, Орталық Азиядағы тұрақты даму орталығы, Энергияны қажетсінетін нанотехнологиялар бойынша халықаралық Қытай-Қазақстан ғылыми зертханасы және басқалар бар.
Делегация құрамының университет қызметіне қызығушылық танытқанына алғыс білдірген ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов Харбин инженерлік университетімен өзара тиімді қарым-қатынас орнатуға дайын екенін жеткізді.
Өз кезегінде Халықаралық департамент басшысының орынбасары Дин Син 30 мыңға жуық студент пен магистранттар білім алатын Harbin Engineering University (HEU) жайлы айтты. HEU Қытайдың кеме жасау, теңіз технологиялары және қорғаныс саласындағы мемлекеттік әрі негізгі университеті саналады. Университет құрылымына Ұлттық терең теңіз технологиялары зертханасы, заманауи зертханалар мен зерттеу орталықтары кіреді. Өз сөзінде Дин Син ғылым және білім саласындағы бірлескен жобаларды іске асырудың келешек бағыттарын қарастыруды ұсынды.
Кездесу аясында тараптар тиімді ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылап, өзара пікір алмасты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар

