ҚазҰУ Наурыз мерекесін атап өттіFarabi University

ҚазҰУ Наурыз мерекесін атап өтті

17 сәуір, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Ұлыстың ұлы күнін атап өтті. Мәдени іс-шарада ұлттық спорт түрлерінен сайыс, қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі, сурет салудан жарыс ұйымдастырылып, келушілерге керемет әсер сыйлады.

Мұндағы мақсат – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Наурыз мейрамын атап өту және оның маңыздылығын арттыру тапсырмасын жүзеге асыру.

«Әз Наурыз – жаңашылдық пен жасампаз рухтың жаршысы» атты Наурыз мейрамына ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, оқу ордасының Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев, Германия, Түркия, Қытай, Ресей, Өзбекстан, Франция ЖОО-ларының өкілдері мен ғалымдары, оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттер, жастар ұйымдары комитетінің мүшелері қатысты.

Шарада ҚазҰУ басшысы Жансейіт Түймебаев сөз сөйлеп, жиналғандарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады. Сондай-ақ өз сөзінде ректор Наурыз мейрамының шығу тарихына және мән-маңызына тоқталды. 

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Наурызға айрықша мән беріп: «Ұлыстың ұлы күні – ұлтымыздың ұлық мейрамы. Наурыз – ең алдымен, игілікті істердің мерекесі, жаңашылдық пен жасампаз рухтың жаршысы», – деп атап өткен болатын. Университетте дәстүрлі «Наурызнама» онкүндігі өтіп, оған ұжым мен студенттер белсенді атсалысты. Ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүріміз кеңінен насихатталып, танымдық мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды. Наурыз – жаңару мен жаңғырудың, ырыс пен берекенің, бірлік пен татулықтың бастауы. Ерте замандарда қыстан аман шыққан халық бір-бірімен көрісіп, Наурыз мейрамын тойлаған. Қазіргі таңда бұл мереке жаңа леп, жаңа бағдар алып отыр», – деді ректор.

Бұған қоса, Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ-дың 90 жылдығы аясында атқарылған жұмыстардың нәтижесі туралы ақпарат беріп, студенттер игілігі үшін болашақта да ауқымды бастамалар жүзеге асатынын жеткізді.

Сөз соңында оқу ордасының басшысы «Ең үздік факультет», «Ең үздік студенттер үйі», «Ең үздік аудитория», «Ең үздік зертхана», «Ең үздік орталық» мәртебесін факультет басшыларына табыстады.

Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасты.

Кейін қонақтар арнайы құрылған киіз үйлерді аралап, қазақтың салт-дәстүрінен сырт шертетін театрландырылған қойылымдарды тамашалады. Яғни тұсаукесер, қыз ұзату, беташар сынды қазақтың салт-дәстүрлері көрсетілді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі