ТДМ-15: «Дармарка» экологиялық акциясы сәтті өтті

Оқу ордамыздың физика-техникалық факультетінде 21 сәуір күні «Дармарка» экологиялық акциясы сәтті өтті.
Жобаның басты мақсаты – ағымдағы жағдайда қоршаған ортаны сақтау және табиғат байлықтарын тиімді қолдануды түсіндіру. Осыған орай, қоғамда экологиялық білімді тарату және саналы тұтыну әдеттерін қалыптастыру – тұрақты даму жолындағы қажетті әрекеттердің бірі.
Осы мақсатты көздей отырып, «Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі 2024 жылдың қараша айынан бастап «Stop Musor» әлеуметтік жобасының бесінші кезеңін жүзеге асыруда. Бұл жоба тұрмыстық қалдықтарды азайтуға, тұрғындардың экологиялық хабардарлығын арттыруға және әлеуметтік жауапкершілік сезімін күшейтуге бағытталған.
Жоба аясында ұйымдастырылып отырған «Дармарка» экологиялық шарасы – шектен тыс тұтыну мен қалдықтардың көбеюіне қарсы бағытталған жаңаша амал. Шараға қатысушылар бұрын өздері қолданған, бірақ әлі де пайдалануға жарамды заттарды басқаларға беру арқылы, қажеттіліктерін өтей алады. Бұл тәсіл, бір жағынан, заттарға жаңа өмір берсе, екінші жағынан, жаңа өнімдерді жасауға, тасымалдауға және қаптауға жұмсалатын ресурс пен энергияны үнемдеуге септігін тигізеді.
«Дармарка» шарасы жастарды, студенттерді және жалпы жұртшылықты табиғатты қорғауға шақырып, қоғамда саналы тұтыну мәдениетін дамытуға жол ашады. Бұл – күнделікті тіршілікте жасалатын қарапайым, бірақ пайдасы зор экологиялық іс-әрекет.
Басқа жаңалықтар


