ТДМ 17: «Бейбітшілік, әділет және тиімді институттар»Farabi University

ТДМ 17: «Бейбітшілік, әділет және тиімді институттар»

24 сәуір, 2025

2025 жылғы 24 сәуірде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультетінде, Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының 1-курс студенттері Нұрзатұлы Н., Толенбек М., Еспембет М. және кафедра оқытушылары, заң ғылымдырының докторы, профессор Баймаханова Д.М. және заң ғылымдарының докторы, профессор Ибраева А.С. қатысуымен фашистік концлагерь тұтқындарын босату халықаралық күніне және Жеңістің 80 жылдығына арналған  іс-шара өткізілді.

Студенттер тақырыптық презентациялар дайындады.

Өз баяндамасында студент Еспембет Марлан Еуропада фашизмнің пайда болу, даму және жеңілу себептері мен тарихи аспектілерін ашып көрсетті. Ол әсіресе 20 ғасырдың 30-жылдары Германияда қабылданған, фашистік идеологияны, ұлттық ерекшелікті және неміс ұлтына жат басқа халықтарды жоюдың құқықтық негіздерін бекіткен заңдарға ерекше назар аударды. Баяндамашы фашистер құрған концлагерьлерде өзге халықтарды жоюдың жабайы әдістеріне кеңінен тоқталды. Сондай-ақ, Еспембет М. Азиядағы фашизм мен милитаризм көріністерін Қытайдағы 731-отрядтың мысалында көрсетіп, бұл отрядтың адамзатқа қарсы жасаған қатыгез қылмыстары мен адамдарға жасалған тәжірибелері туралы баяндады.

Студент Толенбек Мағжан өз сөзінде Ұлы Отан соғысының барысы, негізгі шайқастар мен қақтығыстар, Қызыл Армияның маңызды әскери операциялары туралы айтып, Қазақстан батырларының Жеңіске қосқан үлесіне ерекше тоқталды.

Студент Нұрзатұлы Нұрсейт өз баяндамасында Еуропа мен посткеңестік кеңістікте неофашизмнің пайда болу себептері мен ерекшеліктерін көрсетті. Ол қазіргі заманда фашистік идеологиямен күрестің маңыздылығын, ұлтшылдық, экстремизм және терроризм сияқты үрейлі құбылыстарға қарсы тұрудың күнделікті өмірдегі өзектілігін атап өтті.

Студенттер баяндамашыларға көптеген сұрақтар қойып, оларды толықтырды, Ұлы Отан соғысына қатысқан өз отбасы мүшелері туралы әңгімеледі. Баяндамалар соңында оқытушылар студенттерге белсенді қатысқандары үшін алғыс білдіріпң  тыңдалған материал азаматтық ұстаным қалыптастыруға пайдалы болғанына үміт білдірді.