ҚазҰУ ISO талаптарына сәйкестігін растадыFarabi University

ҚазҰУ ISO талаптарына сәйкестігін растады

28 сәуір, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті сертификаттау аудитінен сәтті өтіп, сапа менеджменті жүйесінің ISO 9001:2015 халықаралық стандартының талаптарына сәйкестігін растады.

BC Asia Group компаниясының аудиторлары университеттің негізгі құрылымдық бөлімдері – Стратегиялық даму орталығы, Академиялық мәселелер жөніндегі департаменті, Аккредитация және институционалдық зерттеулер орталығы, Заң департаменті, Адам ресурстарын дамыту департаменті, Ақпараттық технологиялар департаменті, Ғылым және инновациялық қызмет жөніндегі департаменті, Инжиниринг және ғылыми ауқымды технологиялар кластері, Ақпарат және коммуникациялар департаменті, сондай-ақ Сәйкестікті бақылау  қызметінде жоспарлау, ресурстармен қамтамасыз ету, басқару және талдау процестерін кешенді тексеруден өткізді.

Аудит шеңберінде құндылықты құру процестері тексерілді: қызметтің жоспарлануы; тұтынушылар мен мүдделі тараптардың талаптарын есепке алу; білім беру бағдарламаларын әзірлеу; зертханалық зерттеулер жүргізу; білім алушылардың білімі мен дағдыларының деңгейін бақылау; тәуекелдерді басқару; мүдделі тараптармен және түлектермен кері байланысты ұйымдастыру.

Жұмыс барысында физика-техникалық факультетінің В076 «Стандарттау, сертификаттау және метрология», философия және саясаттану факультетінің 7М01105 «Педагогика. Білім берудегі менеджмент», халықаралық қатынастар факультетінің 8D04101 «Әлемдік экономика» білім беру бағдарламаларына, сондай-ақ Физикалық-химиялық зерттеулер және талдау орталығының қызметіне ерекше назар аударылды.

Аудиттің қорытындысы бойынша білім беру бағдарламалары, ғылыми әлеует, ғылыми орталықтардың кең ауқымды қызметтері, құрылымдық бөлімшелердің жұмысының тиімді ұйымдастырылуы, процестік менеджменттің нәтижелілігі және мақсатты басқарудың табыстылығы халықаралық ISO 9001:2015 стандарттарының талаптарына сәйкес келеді деп атап өтілді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі