«Естелікке айналған ғұмыр» тақырыбында дөңгелек үстел өтті

2025 жылдың 17 сәуірінде 4-ТДМ «Сапалы білім» аясында филология факультетінің қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының ұйымдастыруымен көрнекті әдебиеттанушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Темірхан Сақаұлы Тебегеновті еске алуға арналған «Естелікке айналған ғұмыр»атты дөңгелек үстел өтті.
Әдеби-танымдық дөңгелек үстелдің мақсаты – отандық әдебиеттану ғылымының көрнекті өкілі, профессор Темірхан Сақаұлы Тебегеновтің білім мен ғылым, шығармашылық даму тұрғысындағы жастарға берер мол мұрасын жаңғырту, сондай-ақ адамгершілік құндылықтарды саралау болды. Бұл игі шара – ғалымның ғылымға қосқан өлшеусіз үлесін саралап, шығармашылығына терең үңілген танымдық басқосу ретінде есте қалды.
Дөңгелек үстелді кафедра меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Темірболат Алуа Берікбайқызы ашып, Темірхан Тебегеновтің қазақ әдебиеті тарихы мен әлем әдебиеті, көркемдік-эстетикалық таным кеңістігіндегі еңбектеріне тоқталып, кіріспе сөз сөйледі.
Аталған іс-шараның модераторы – филология ғылымдарының докторы, профессор Өмірхан Әбдиманұлы – шараның мазмұндық аясын тереңдетіп, ғалымның зерттеулеріндегі ұлт тағдыры, әдебиет пен руханият бірлігіне негізделген мазмұнды әрі танымдық баяндамаларымен жалғастырды. Филология ғылымдарының докторы, профессор Зұфар Нұрсапаұлы Сейітжанов, Жаңғара Дәдебайұлы Дәдебаев, Зинол-Ғабден Қабиұлы Бисенғали, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері Сәбит Иманғалиев, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Бауыржан Сәбитұлы Иманғалиев, филология ғылымдарының кандидаты Советхан Баянұлы Тілеубаев, филология ғылымдарының кандидаты Ерхан Кәрібөзұлы Кәрібөзов, аға оқытушысы Ш.А. Шортанбай Т.С. Тебегеновтің ұстаздық болмысын, ғылыми биігін, адами парасатын тебірене еске алды.
Дөңгелек үстелде филология факультетінің 2-курс студенттері – Жеңіс Нұрайым, Данияр Марал, Сымбат Жұмамұрат, Айман Жалғасова, Айзат Ибжарова, Сәулет Жылқайдар – профессор еңбектерінен үзінді оқыды. Ал 1-курс магистранты Гүлназ Асқарова орындаған «Махамбеттің термесі» әдеби кештің мазмұнын толықтыра түсті. Темірхан Сақаұлының қыздары – Жоғары технологиялар академиясының қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, Алтынарай Темірханқызы Тебегенова, Қазақ спорт және туризм академиясының аға оқытушысы, магистр Эльвира Темірханқызы Тебегенова – «Әке аманаты» атты естелігімен әке тұлғасының биіктігін, өмірлік ұстанымдары туралы сөз қозғады.
Дөңгелек үстелдің ұйымдастыруна докторанттар Аяжан Тойбазар мен Алма Кенжеқожаева белсенді атсалысты.
Отандық әдебиеттануының аса бай өрісінде өз өрнегін қалдырған Темірхан Сақаұлы Тебегеновтың еңбегі – ғылым үшін ғана емес, ұлттық сана мен сөз өнері үшін де ерекше маңызға ие. Іс-шара барысында көрсетілген бейнеслайдтар мен көркем оқулар, айтылған естеліктер – Темірхан Сақаұлының өмірі мен ғылыми мұрасын жаңа қырынан танытып, ғылым мен ұрпақ сабақтастығының маңыздылығын терең түсінуге мүмкіндік берді. Мұндай іс-шара қазіргі жас ғалымдарға, әдебиет сүйер жастардың теориялық білімін кеңейтіп, жаңа ізденістерге бастары анық.
Басқа жаңалықтар


