ҚазҰУ-да «Бір жол – бір белдеу» бірлескен орталығы ашылады

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма мүшесі – ғылым-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов бастаған делегация Қытайдың Үрімжі қаласына жұмыс сапарымен барды.
ҚазҰУ делегациясы алдымен «Қытай – Орталық Азия» білім министрлерінің бірінші жиналысына қатысты.
Іс-шараға ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы ҚКП партия комитетінің хатшысы Ма Синжуй, ҚХР білім министрі Хуай Цзиньпэн, ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ҚР оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, «Орталық Азия – Қытай» механизмі хатшылығының бас хатшысы Сунь Вэйдун, ғалымдар мен белгілі сарапшылар жиналды.
Жиын барысында ҚазҰУ Солтүстік-батыс политехникалық университетімен бірге Қазақстан-Қытай элиталық инженерлік институтын құру жөніндегі келісімге қол қойды. Сондай-ақ оқу ордасы Сиань Цзяотун университетімен «Жібек жолы» университеттеріне арналған біріккен кітаптар шығару жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандум жасасты.
Сапар аясында ҚазҰУ проректоры Марғұлан Қасенұлы Цзянсу педагогикалық университетінің ректорымен кездесу өткізіп, екіжақты ынтымақтастықты жандандыру жөнінде пікір алмасты.
Келіссөз нәтижесінде тараптар «Бір жол – бір белдеу» бірлескен орталығын ашуға, оқытушылар алмасуға уағдаласып, өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Қытайға жұмыс сапары барысында ҚазҰУ делегациясы Шанхай ынтымақтастық ұйымы университеттерінің цифрлық білім беру көрмесіне және Шанхай ынтымақтастық ұйымы университеттерінің конференциясына қатысты.
Ауқымды шараға Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Өзбекстан, Ресей мен Тәжікстанның білім және ғылым министрлері, ШЫҰ университеттерінің ректорлары мен өкілдері арнайы келді.
Жиын барысында ҚазҰУ проректоры Марғұлан Ибраимов «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тәжірибесі негізінде ғылыми-білім беру саласы мен интернационалдандырудың заманауи трендтері» тақырыбында баяндама жасады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар

