Заң мен тәртіп тақырыбында дәріс өттіFarabi University

Заң мен тәртіп тақырыбында дәріс өтті

14 мамыр, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Жарқын Ғалымов «Заң мен тәртіп» тақырыбында арнайы дәріс оқыды.

Іс-шараға университет басшылығы, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің экс-төрағасы Алик Шпекбаев, оқытушы ғалымдар және студент жастар қатысты.

Дәріс барысында спикер сыбайлас жемқорлықтың қоғам өміріне тигізетін кері әсеріне кеңінен тоқталды. Ол бұл құбылыстың елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын тежейтінін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретінін ерекше атап өтті. Сонымен қатар агенттік өкілі жемқорлықтың алдын алу жолдары, құқықтық тетіктер мен мемлекеттік деңгейде жүзеге асырылып жатқан реформалар жөнінде тың мәліметтермен бөлісті. Сондай-ақ спикер жиналғандарға жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнаманың талаптарын сақтауды кеңінен түсіндірді.

Кездесу интерактивті форматта өтіп, студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты әрі пайдалы жауап алды. Дәріс жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыруға, әділдік пен адалдық қағидаттарын қалыптастыруға арналды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі