Линьи қаласының әкімдігі ҚазҰУ-мен серіктестікке мүдделі

Қытайдың Линьи қаласындағы Сауда департаменті өкілдері ҚазҰУ-ға жұмыс сапары барысында оқу ордасының басшылығымен кездесіп, өзара тиімді әріптестік байланыстардың келешегін талқылады.
Делегацияны Басқарма мүшесі – қаржы-шаруашылық мәселелері және инфрақұрылымды дамыту жөніндегі проректор Әбдірахман Тасыбаев қарсы алды. Проректор құрметті қонақтарға ҚазҰУ-дың жетістіктерін таныстырды. Қазіргі уақытта ҚазҰУ қалашығының ІІ даму кезеңі жүзеге асырылуда. Жобада жаңа оқу ғимараттарын, жатақханалар, ғылыми инфрақұрылым нысандарын салу көзделген. Өз сөзінде проректор ҚазҰУ шетелдік әріптестермен, соның ішінде Линьи қаласының әкімшілігімен өзара тиімді ынтымақтастыққа мүдделі екенін айтты.
Қалалық партия комитетінің тұрақты мүшесі, қала әкімінің орынбасары, Ихи өзенінің жаңа ауданы партия комитетінің хатшысы Го Хуншуй ілтипат білдіргені үшін алғыс айтып, Линьи қаласы туралы мәлімет берді. Қала «Қытайдың логистикалық астанасы» болып саналады, Шаньдун провинциясындағы кәсіпкерліктен түсетін салық түсімдері бойынша ҚХР-да 5-орында және ауыл шаруашылығы, сауда, туризм, түрлі тауарлар мен қызметтерді өндіру, ғылыми қызмет саласындағы жетістіктерімен танымал.
Бүгінде Линьи қаласының әкімшілігі тиімді инвестициялардың жаңа салаларын іздеумен, ортақ жобалар мен бастамаларды іске қосу және дамыту мақсатында халықаралық байланыстарды кеңейтумен белсенді айналысады. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ғылыми-білім беру саласында үлкен әлеуетке ие. Қытайлық қонақтар машина жасау, робототехника және жасанды интеллект саласындағы жаңа технологиялар трансферіне, сондай-ақ аталған сала үшін кадрлар даярлауға және бірлескен жобаларды іске асыруға ниетті.
Кездесу өзара тиімді әріптестікті дамыту мәселелері бойынша пікір алмасумен аяқталды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар


