Сиверс алмасы: екі айдан кейінгі кездесу
20 мамыр 2025 жыл, Іле-Алатау ұлттық паркі, Бутаков шатқалы
2025 жылдың 20 мамырында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасының оқытушылары мен эколог білім беру бағдарламасының студенттері Тянь-Шань эндемигі – Сиверс алмасының (Malus sieversii) наурыз айында отырғызылған көшеттерінің жай-күйін бақылау мақсатында Іле-Алатау ұлттық паркінің Бутаков шатқалына қайта барды.
Бұл көшеттер 26 наурызда ALMA-KIKA жобасы аясында отырғызылған болатын. Бақылау барысында көшеттердің жерсіңіп, өсуі ойдағыдай жүріп жатқаны анықталды. Олардың көпшілігі жаңа жапырақтар шығарып, тіршілікке бейімділігін көрсетті. Мұндай оң нәтижелер қолданылған отырғызу технологиялары мен жүйелі күтімнің арқасында мүмкін болды.
Іс-шараға «Jerdin Dostary» ұйымының өкілдері мен Іле-Алатау ұлттық паркінің мамандары да қатысты. Олар көшеттердің қазіргі жағдайы мен алдағы күтім жұмыстары жайлы пікір алмасты. Жиналғандар Сиверс алмасын сақтау – Қазақстанның биологиялық әртүрлілігін қорғауға қосылған елеулі үлес екенін атап өтті.
Бұл мониторингтік сапар Сиверс алмасының табиғи ареалын қалпына келтіру жолында атқарылып жатқан жұмыстың жүйелі және жауапкершілікпен жүргізіліп жатқанын көрсетті.
Басқа жаңалықтар

