Ғылыми серіктестікке жаңа серпін

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Орталық Азияның дәстүрлі өркениеттерін зерттеу» республикалық ғылыми-зерттеу орталығының зерттеу жұмыстары, оның нәтижелері мен болашақ перспективалары 600 жылдық тарихы бар Еуропаның ең беделді университеттерінің бірі KU Leuven университетінің ғалымдарымен талқыланды.
Орталық Азия көшпелілерінің тарихы мен мәдениетіне қатысты іргелі зерттеулердің бастамасында тұрған ірі ғылыми орталық ретінде танылған аталған орталық 2013 жылы мемлекеттік «Тарих толқынында» бағдарламасын жүзеге асыру барасында құрылған еді. Алғашқы күндерден-ақ орталықтың негізін қалаушы белгілі ғалым Т. Омарбековтің бастамасымен жан-жақты халықаралық ғылыми байланыстар орнатылды. Солардың бірі KU Leuven университететінің History, Arts and Culture факультетінің жанынан құрылған «CROSSROADS RESEARCH CENTRE» ғылыми-зерттеу орталығы болды. Орталық жетекшісі профессор Анжела Шоттенхамер (h индексі – 6, 8 тілді еркін меңгерген) Жібек жолының теңіз және құрлық сауда жолдары арқылы саудамен бірге мәдениет, идеялар, ғылыми білімдер мен технологиялардың таралу тарихымен айналысатын белгілі ғалым.
Бүгінгі таңда халықаралық «Болашақ» бағдарламасының «500 Ғалым» бағыты бойынша орталық ғалымдары, тарих факультетінің оқытушылары М.С. Ноғайбаева, М.Д. Байдавлетова осында тағылымдамадан өтуге мүмкінік алды және де екі орталық арасындағы байланыстарды одан әрі жалғастыру бағытында нәтижелі жұмыстар атқаруда.
Тағылымдама барысында аталған оқытушы-ғалымдар 13-мамыр күні «CROSSROADS RESEARCH CENTRE» орталығы мен «Early Modern History (15th-18th centuries)» кафедрасының оқытушы профессорлары құрамымен «Орталық Азияның дәстүрлі өркениеттерін зерттеу» орталығының бүгінгі таңдағы зерттеу жұмыстары мен болашақ перспективалары жөнінде талқылау өткізді.
Сондай-ақ, профессор А. Шоттенхамердің ұсынысымен кафедра магистранттарына орталықтың ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесінде келесі күні «Ecological basis and traditional methods of meat preservation among the kazakh people» атты тақырыбында арнайы лекция оқылды.
Осылайша, «Болашақ» бағдарламасы «500 Ғалым» бағыты бойынша Еурпаның ең үздік инновациялық 20 университетінің қатарында тұрған ғылым мен білім ордасында тағылымдамадан өтіп жатқан орталық ғалымдары тек өз кәсіби біліктіліктерін шыңдап қана қоймай, мүмкіндікті пайдалана отырып, болашақ ғылыми серіктестіктердің көкжиегін де кеңейтуге үлес қосуда.
Басқа жаңалықтар
