Хунань педагогикалық университетімен байланыс

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басшылығы Хунань педагогикалық университеті Халықаралық алмасу және ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары Тан Цуньчжун бастап келген делегация құрамын қабылдады.
ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі міндетін атқарушы проректор Марғұлан Ибраимов меймандарды қарсы алып, университеттің негізгі қызметі және ғылыми жетістіктерімен таныстырды.
Қазіргі таңда ҚазҰУ-да Қытайдың 65 жоғары оқу орнымен қол қойылған келісімдер шеңберінде бірлескен ғылыми-зерттеу және білім беру жобалары іске асырылуда. Солтүстік-батыс политехникалық университетінің (СБПУ) филиалы ашылып, табысты жұмыс істеуде. ҚХР Ғылым академиясы жанындағы ШҰАА Экология және география институтымен бірлесіп ҚазҰУ базасында «Қашықтықтан зондтау және оларды қолдану технологияларының Қытай-Қазақстан бірлескен зертханасы» құрылды. Энергияны көп қажет ететін нанотехнологиялар жөніндегі халықаралық Қытай-Қазақстан ғылыми зертханасы Нанкиски ғылым және технология университетімен, «Коммуникациялық технологиялар 5G/5.5G» зертханасы Солтүстік-батыс политехникалық университетімен бірлесіп ашылды.
«2022 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚазҰУ-ға ҚХР-дан дәріс оқуға екі профессор тартылса, бүгінгі күнде ҚазҰУ-да ҚХР-дан келген 869 студент білім алуда», – деген проректор Хунань педагогикалық университетімен жемісті ынтымақтастыққа сенім артатынын білдірді.
Өз кезегінде Хунань педагогикалық университеті Халықаралық алмасу және ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары Тан Цуньчжун Хунань педагогикалық университетінің тарихына тоқталып, білім алмасуды дамытуға бағытталған бағдарламаларға қызығушылық танытты.
Кездесу барысында тараптар ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, ғылыми зерттеулер мен академиялық мобильділік саласындағы тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін талқылап, өз ойларын ортаға салды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар
