Қиыр Шығыс кафедрасы халықаралық жоба жеңіп алды

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультетінің Қиыр Шығыс кафедрасы Оңтүстік Кореяның беделді ғылыми орталығы – Корейтану академиясы (Academy of Korean Studies, Корея Республикасы) жариялаған бесжылдық халықаралық ғылыми-зерттеу жобасының грантын жеңіп алып, ғылым саласында үлкен жетістікке қол жеткізді.
«Орталық Азия кеңістігіндегі корейтану саласындағы дерекқор (DB) мен қолдану платформасын құру» атты бұл жоба аймақтағы корей диаспорасының тарихы, мәдениеті мен болмысына және жалпы корейтану саласына қатысты гуманитарлық топографияны зерттеуге арналған цифрлық дерекқор мен платформаны қалыптастыру және дамытуға бағытталған. Жоба корей диаспорасын зерттеудің маңызды бағыттарын қамти отырып, халықаралық деңгейдегі корейтанудың дамуына ықпал ететін инновациялық ғылыми құралдар мен білім беру ресурстарын әзірлеуді көздейді.
Аталған байқауға әлемнің жетекші университеттері мен ғылыми орталықтары қатысқанымен, жеңімпаз ретінде тек екі жоғары оқу орны таңдалды. Солардың бірі – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті. Бұл ҚазҰУ-дың ғылыми әлеуетінің халықаралық деңгейде мойындалғанын және Қиыр Шығыс кафедрасы оқытушыларының жоғары кәсібилігін айқын көрсетеді.
Жоба 2025-2030 жылдар аралығында жүзеге асырылады. Ол халықаралық ынтымақтастықты нығайтуды, далалық зерттеулер жүргізуді, халықаралық конференциялар ұйымдастыруды, ғылыми еңбектер жариялауды, академиялық ұтқырлықты дамытуды және жас зерттеушілерді озық ғылыми бастамаларға тартуды мақсат етеді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ өзінің алдыңғы қатарлы ғылыми-білім беру орталығы ретіндегі мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдеп, Орталық Азия мен Оңтүстік Корея арасындағы академиялық диалогты нығайтуға өз үлесін қосуда.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі