ҚазҰУ қытайтанушылары Сианьдағы конференцияда сөз сөйледі

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қытайтану кафедрасының оқытушылары Қытай Халық Республикасының Сиань қаласында өткен «Өңіртану тұрғысындағы Орталық Азияны зерттеу» атты халықаралық конференциясына қатысты.
Ауқымды шараны Қытай қоғамдық ғылымдар академиясының Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азия институты Орталық Азия мен Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарымен бірлесіп ұйымдастырды.
Пленарлық отырыста оқу орнының кафедра меңгерушісі Ержан Керімбаев сөз сөйлеп, Қазақстандағы қытайтану ғылымының қалыптасуы және даму кезеңдеріне шолу жасады. Ол Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың қытай тілі, мәдениеті және аударма ісі бойынша жоғары білікті мамандар даярлаудағы жетекші рөлін атап өтті.
Халықаралық шарада профессор Фатимабибі Дәулет баяндама жасап, ҚазҰУ-дың Қытайтану кафедрасында қалыптасып келе жатқан лингвомәдени және лингвокогнитивтік аспектілерді зерттейтін ғылыми мектептің бағыттары туралы айтты. Ол аударманы мәдени трансмиссияның бір түрі ретінде қарастырып, түпнұсқа мәтіндегі менталдық және прагматикалық кодтарды терең түсінудің маңызына назар аудару керектігін алға тартты.
Сонымен қатар конференция барысында ҚазҰУ докторанты Гүлмира Қатбаева, кафедра оқытушысы Айжан Қойбаевалар баяндама жасап, көркем мәтіндегі этномәдени бірліктерді аудару стратегиялары және қытай тіліндегі ономастикалық атауларды аудару тәсілдеріне тоқталды. Қытай тілінде баяндама жасаған ҚазҰУ оқытушылары Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей ғалымдарымен академиялық диалог орнатып, өзара пікір алмасты.
Қатысушылар ғылыми ынтымақтастық пен жаһандық ғылыми бастамаларға интеграцияның маңызын ерекше атап көрсетті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар
