Омбыдағы ҚазҰУ филиалы талапкерлер қабылдауды бастайды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Омбы қаласындағы филиалы талапкерлер қабылдауды бастайды.
Құжат 2025 жылдың 20 маусымынан бастап, 31 шілдеге дейін қабылданады. Оқуға түскен алғашқы 50 талапкерге арнайы 100 пайыздық жеңілдік қарастырылған. Болашақта Қазақстан мен Ресей үкіметтерінің келісімі шеңберінде студенттерді оқыту үшін арнайы гранттар бөлінбек.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филиалы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің қатысуымен 2024 жылдың 27 қараша күні ресми түрде ашылған болатын.
Ресейде тұңғыш рет іске қосылған қазақстандық жоғары оқу орнының филиалы жастарды заманауи талаптар мен өзекті бағыттарға сәйкес әзірленген бағдарламалар бойынша білім алуға мүмкіндік береді. Яғни мұнда «Халықаралық құқық», «Филология», «Кеден ісі» және «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасы бойынша мамандар даярланады. Бұған қосымша тәжірибесі мол қазақстандық және ресейлік оқытушы-профессорлар, білікті ғалымдар дәріс береді. Оқу үдерісі қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жүргізіледі.
Төрт жылдық оқуын тамамдаған соң, түлектерге халықаралық стандарттарға сәйкес келетін диплом беріледі.
ҚазҰУ филиалы Омбы мемлекеттік университетінің базасында іске қосылған. Оқу-әдістемелік қызметке арналған 10 кабинет жасақталған. Атап айтқанда студенттер Шоқан Уәлиханов атындағы Кеден ісі, Абай атындағы Қазақ тілі және Нәзір Төреқұлов атындағы Халықаралық құқық кабинеттерінде дәріс тыңдайды. Бұдан бөлек, басшылық пен профессор-оқытушылар құрамы үшін бес кабинет, жеті оқу аудиториясы және коворкинг орталығы бар.
Құжаттар Омбы мемлекеттік университеті бас ғимаратының 3-қабатында қабылданады. Мекенжайы: Омбы қаласы, Фрунзе көшесі, 6.
Толық ақпаратты +7 (775) 215 39 31, +7 (775) 911 47 63 байланыс нөміріне тіркелген WhatsApp, WeChat, Telegram қосымшасы арқылы біле аласыздар.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар
