ҚазҰУ – IQAA Ranking 2025 бойынша Қазақстанның ең үздік көпсалалы университетіFarabi University

ҚазҰУ – IQAA Ranking 2025 бойынша Қазақстанның ең үздік көпсалалы университеті

26 маусым, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті еліміздің жетекші оқу орны мәртебесін кезекті  рет дәлелдеді. Білім беру сапасын қамтамасыз ету агенттігінің (IQAA Ranking) институционалдық рейтингі нәтижелері бойынша ҚазҰУ 2025 жылы Қазақстанның көпсалалы жоғары оқу орындары арасында алғашқы орынды иеленді.

Рейтинг университеттің жұмысын кешенді бағалау негізінде жасалады. ҚазҰУ барлық негізгі бағыттар бойынша жоғары көрсеткіштерге жетті, оның ішінде академиялық қызмет, түлектердің жұмыспен қамтылуы, академиялық қауымдастықтың сараптамалық бағалауы, жұмыс берушілер арасындағы беделі, сондай-ақ студенттер мен түлектердің пікірлері. Бұл университеттің білім беру бағдарламаларының, ғылыми зерттеулерінің жоғары деңгейін және түлектердің кәсіби салаға сәтті интеграциясын дәлелдейді.

Биылғы рейтингке Қазақстанның 30 жоғары оқу орны қатысты. Сауалнамаға 865 жұмыс беруші, 340 академиялық сарапшы, 12 871 студент және 2802 түлек қатысты.

IQAA Ranking нәтижелері университеттерге өздерінің бәсекеге қабілеттілік деңгейін шынайы бағалауға, әрі қарай даму бағыттарын анықтауға және ұлттық, халықаралық білім беру кеңістігіндегі позицияларын нығайтуға мүмкіндік береді.

Рейтингтің толық нәтижелерімен IQAA Ranking ресми сайтында танысуға болады: https://iqaa-ranking.kz/

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі