ҚазҰУ- да шетелдік студенттерге арналған жазғы мектеп басталды

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да шетелдік студенттерге арналған «Қоршаған ортаны қорғау: геожүйелерге, қоғамға, білімге, мәдениет пен дүниетанымға антропогендік әсерді бағалау әдістері» тақырыбында II халықаралық жазғы мектеп өз жұмысын бастады. Оған Қытай Халық Республикасының Синьцзян университетінің білім алушылары және оқытушылары қатысуда.
Жобаның мақсаты – БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына (SDGs) жету жолында қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарайтын, ортақ мақсатты көздейтін жас буынды біріктіріп, халықаралық жастар алаңын құру.
Ашылу салтанатында қатысушыларды ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибрайымов құттықтады. Ол ҚазҰУ Қытай университеттерімен белсенді ынтымақтастықта екенін атап өтті. Қазіргі таңда Қытай, Еуропа елдері және басқа мемлекеттердің жоғары оқу орындарымен шамамен 700 келісімге қол қойылған. «Қытай Халық Республикасы университеттерімен ынтымақтастықты кеңейте отырып, ҚазҰУ былтыр Синьцзянда инновациялық жобаларды таныстырып, ірі ғылыми көрме өткізді. Ғылыми және білім беру жобалары аясында бірлескен жұмыстар жүргізілуде. 2026 жылы құны 5 миллион доллар тұратын микроспутник ұшыру жоспарлануда. Қазір осы және басқа да жобаларды жүзеге асыру бағытында жұмыс жүргізілуде. Университетімізге қош келдіңіздер! Сіздерге жемісті жұмыс пен жарқын әсер тілеймін», – деді Марғұлан Қасенұлы.
Жазғы мектеп бағдарламасы 72 академиялық сағатты қамтиды. Оған теориялық дәрістер, практикалық сабақтар мен ғылыми-танымдық экскурсиялар кіреді. Сонымен қатар шара барысында студенттер Алматы мемлекеттік табиғи қорығы, Аюсай орталығы, Шарын шатқалы және өзге де көрнекті орындарға саяхаттайды.
Халықаралық шара бағдарламасы екі аптаға жоспарланған. Дәрістер мен практикалық сабақтар Қазақстан-Қытай қашықтықтан зондтау технологиялары және оларды қолдану зертханасы базасында өткізіледі. Оны ҚазҰУ-дың оқытушы-профессорлық құрамы, PhD докторлар мен Тұрақты даму жөніндегі ЮНЕСКО кафедрасының сарапшылары жүргізуде.
Сондай-ақ 8 шілде күні жазғы мектеп бағдарламасынан сәтті өткен қатысушыларға сертификаттар табысталып, халықаралық студенттік ынтымақтастықты нығайту және экологиялық сананы дамытуға бағытталған арнайы кеш ұйымдастырылады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар


