ҚазҰУ ректоры Хэбэй өнер және дизайн академиясы делегациясын қабылдадыFarabi University

ҚазҰУ ректоры Хэбэй өнер және дизайн академиясы делегациясын қабылдады

27 маусым, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Қытай Халық Республикасының Хэбэй өнер және дизайн академиясы делегациясымен кездесті. Тараптар университетаралық әріптестікті білім мен мәдениет салаларында кеңейтуге мүдделілік танытты.

Қонақтар алдымен ҚазҰУ музейін аралап, университет тарихы мен жетістіктеріне қанықты.  

Оқу орнының басшысы Жансейіт Түймебаев өз сөзінде Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени және білім беру байланыстарының маңыздылығын атап өтті. «Қытай мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық соңғы жылдары айтарлықтай дамып келеді. Біздің университетіміз Қытайдың жетекші оқу орындарымен тығыз байланыс орнатып, көптеген білім беру, ғылыми және мәдени жобаларға белсене қатысуда. Осы мүмкіндікті пайдаланып, Хэбэй өнер және дизайн академиясымен бірлесе жұмыс істеп, білім мен мәдениет саласында жаңа жетістіктерге жетеміз деп сенемін», – деді Жансейіт Түймебаев.

ҚазҰУ қазіргі уақытта Қытайдың 65-ке жуық жетекші жоғары оқу орнымен ынтымақтасып келеді. Оның ішінде Пекин университеті, Цинхуа университеті, Шанхай шет тілдер университеті, Шанхай саясат және құқық университеті, Сиань Цзяотун университеті, Пекин шет тілдер университеті, Гонконг политехникалық университеті және Ланчжоу университеті сияқты әлемге әйгілі оқу орындары бар. Бұл университеттермен бірлескен білім беру бағдарламалары, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу және академиялық алмасулар жүзеге асырылуда. Сонымен қатар Қазақстанның жетекші университетінің қызметі мен жоғары көрсеткіштеріне тоқталды. ҚазҰУ 2026 жылғы QS WUR халықаралық рейтингінде әлемдегі 200 үздік университеттің қатарына енді. Биыл университет 166-орынға ие болды.

Хэбэй өнер және дизайн академиясының ректоры Чжан Гуанцзюнь өз кезегінде жылы қабылдауға ризашылығын білдірді.  ҚазҰУ-мен ұзақ мерзімді әріптестік орнатуға ниетті екенін айтты.

Содан соң екіжақты ынтымақтастықты дамыту бағыттарын талқылап, пікір алмасты. Басым бағыттардың қатарында бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру, оқытушылар мен студенттер алмасуын ұйымдастыру, сондай-ақ мәдени және ғылыми шараларды бірлесіп өткізу мәселелері қарастырылды.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі