Түлектер 50 жылдан кейін ҚазҰУ-да кездесті

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін 50 жыл бұрын бітірген түлектер оқу ордасында кездесті.
Түлектер жаңарған ҚазҰУ қалашығын аралап, университеттің тыныс-тіршілігімен танысты. Делегация құрамында белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, танымал журналистер, тілшілер мен журналистика саласының майталмандары бар.
Алдымен құрметті қонақтар өздері білім алған журналистика факультетінде болып, дәріс тыңдаған аудиториялар мен оқу залдарын аралап көрді. Сонымен қатар факультет оқытушыларымен әңгімелесіп, студенттік кездерін еске алды.
Түлектерді ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев қарсы алды. Өз сөзінде ректор оқу ордасы әрдайым түлектерімен мақтанатынын баса айтты. Жансейіт Түймебаев түлектерді жоғары оқу орнының студенттеріне көшбасшылық дәріс оқуға шақырды. Сөз соңында ЖОО басшысы 50 жыл бұрын бітірген түлектерді «Farabi» алтын медалімен және «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапаттады.
Түлектер қауымы атынан мемлекет және қоғам қайраткері, журналист, ғалым Сауытбек Абдрахманов сөз сөйлеп, құрмет көрсеткені үшін ҚазҰУ басшылығы мен ұжымына үлкен ризашылығын білдірді. Сондай-ақ түлектер өз сөздерінде ҚазҰУ-дың әр жетістігі үшін қуанатынын жеткізді.
Кейін құрметті қонақтар ҚазҰУ базасындағы Жерді қашықтықтан зондтау зертханасы мен ғылыми орталықтардың жұмыс нәтижелерімен танысты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар

