Білім керуені Батысқа жол тарттыFarabi University

Білім керуені Батысқа жол тартты

4 шілде, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Біліктілікті арттыру және қосымша білім беру институтының бастамасымен Батыс Қазақстан облысында «Білім керуені» атты әлеуметтік-ағартушылық жоба өз жұмысын бастады.

Жобаның басты мақсаты – шалғай ауылдардағы халыққа қазақ және ағылшын тілдерін үйренуге мүмкіндік беру, сондай-ақ тілдік құзыреттілік арқылы жаңа әлеуметтік және кәсіби мүмкіндіктерге жол ашу. Курстар офлайн форматта ұйымдастырылып, тыңдаушылармен тікелей жұмыс жүргізіледі.

Білім керуенінің алғашқы аялдамалары – Ақсай қаласы, Бөрлі, Жарсуат, Ақбұлақ және Пугачев ауылдары болды. Бұл елді мекендерде курс сабақтары жоғары деңгейде өтіп, тұрғындардың белсенділігі мен қызығушылығы байқалды. Тыңдаушылар арасында әртүрлі сала өкілдері мен түрлі жастағы ауыл тұрғындары бар.

Сабақтарды әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың білікті оқытушылары жүргізуде. Атап айтқанда, шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының аға оқытушысы, магистр, PhD докторанты Гүлсима Құрбанбекқызы Дайрабекова және А.Байтұрсынұлы атындағы қазақ тіл білімі кафедрасының аға оқытушысы, PhD ғылым докторы Жанар Сәрсенбай Асылханқызы жобаға белсене қатысып жатыр.

Курс бағдарламасы қарапайым тілдік дағдыларды қалыптастыру, сөйлеу және түсіну қабілеттерін дамыту, өмірлік жағдаяттарға бейімделген лексиканы меңгеру сынды практикалық бағыттарға негізделген. Оқу процесі жылы атмосферада өтіп, кері байланыс пен белсенді қатысуға құрылған.

Жоба шілде айында бірнеше ауылдық елді мекенді қамтып, алдағы уақытта өзге де өңірлерде жалғасады деп жоспарлануда. «Білім керуені» – бұл университет пен ауыл арасындағы көпір ғана емес, білімге деген сенімділік пен қолжетімділіктің нақты көрінісі.