2025 жылдың жас түлектері ҚазҰУ географтар қатарын толықтырды

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да география және табиғатты пайдалану факультетінің түлектеріне диплом табыстау рәсімі өтті.
Мерекелік шараға оқытушылар, ата-аналар мен студенттер жиналды. Түлектерді құттықтау кезінде жүргізушілер Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі болудың үлкен қуаныш екенін жеткізді.
География және табиғатты пайдалану факультетінің студенттері жыл сайын биік жетістіктер көрсетеді. Білім мен берік дағдыны қалыптастырған бакалавриат пен магистратураны аяқтаған түлектер дипломдарын иеленді. Мерекелік шара Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Әнұранының шырқалуымен басталды.
Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алина Галеева түлектерді ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаевтың атынан құттықтады. Ол түлектер үшін университеттің есігі әрдайым ашық екенін жеткізіп, алған білімнің маңыздылығына тоқталып, жастардың кәсіби өміріне сәттілік тіледі.
География және табиғатты пайдалану факультетінің деканы, география ғылымының кандидаты Әлия Ақтымбаева сөз сөйлеп, түлектермен мақтанатынын жеткізді. «Сіздердің осында алған білімдеріңіз – алдағы ұзақ әрі қызықты өмір жолының бастамасы. Әрқашан жаңа биіктерді бағындырыңыздар, жеткен жетістікпен тоқталмаңыздар!» – деп студенттерге ұмтылыс пен ынта-жігер тіледі.
Құрметті қонақ ретінде әнші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс Ысқақова танымал әнін орындап, мерекеге ерекше әсер сыйлады. Сондай-ақ салтанатты шара аясында түлектер оқытушылар мен ата-аналарына алғыс айтып, қолдау мен сенім үшін ризашылықтарын жеткізді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар
