ҚазҰУ ESG білім беруді белсенді дамытуда

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Экономика және бизнес жоғары мектебінің Менеджмент кафедрасының профессоры Айнагүл Адамбекова «Тұрақты дамудың үштік тұжырымдамасы (ESG): өңірлердің теңгерімді дамуы контексіндегі бизнестің мүдделері» атты ғылыми жобаны іске асыру шеңберінде «Алтын банк» АҚ-ның «ESG туралы» жобасының кезекті шығарылымына спикер ретінде қатысты.
Жоба YouTube-тағы панельдік сұхбаттар сериясы форматында жүзеге асырылады және тұрақты дамудың өзекті мәселелері мен корпоративтік басқаруға ESG қағидаттарын енгізуге арналған. Сұхбатқа ESG саласындағы жетекші сарапшылар да қатысып, бизнестің ұзақ мерзімді тұрақтылығына қол жеткізудің тиімді шешімдерін енгізу тәжірибесімен бөлісті.
Сұхбат барысында Айнагүл Амангелдіқызы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) іске асыру және білім беру, ғылыми және басқару тәжірибесіне ESG қағидаттарын енгізу тәсілдерін түсіндірді. Сонымен қатар университеттердің қоғам мен экономикадағы тұрақты трансформациялардың белсенді қатысушылары ретіндегі рөліне ерекше назар аударды.
Профессор ТДМ елді басқаруға бағытталған жаһандық индикаторлар екенін, олар қоршаған ортаға теріс әсерді азайту арқылы болашақ ұрпақ үшін планетаны сақтауға бағытталғанын атап өтті. Ал ESG – бұл бірінші кезекте бизнеске бағытталған қағидаттар, олар климаттың өзгеруі, жауапты өндіріс, әлеуметтік теңсіздік сияқты және т.б. жаһандық сын-қатерлерді шешу тәсілдерін көрсетеді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ экономикалық даму, экологиялық менеджмент, ластаушы заттардың қалдықтарын азайту, биоәртүрлілікті сақтау және топырақ құнарлылығы салаларындағы тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған маңызды ғылыми жобаларды іске асыруда. Сонымен қатар университет ESG-білім беруді белсенді дамыту бағытында білім беру бағдарламаларын, бизнес-кейстер мен оқу құралдарын әзірлеп, іске қосуда, бакалавриат, магистратура және докторантураға ESG-модульдерін енгізуде.
Бүгінде ҚазҰУ Қазақстан және Орталық Азия елдерінің университеттері мен мектептерінің оқытушыларын тұрақты даму және ESG мәселелері бойынша оқыту және біліктілігін арттыру үшін өңірлік алаңға айналған.
Университеттің өзі корпоративтік басқару, әлеуметтік жауапкершілік және экологиялық менеджмент қағидаттарын күнделікті жұмысқа енгізу арқылы өзінің ESG-ге бейілділігін көрсетуде.
Сұхбат барысында профессор А.Адамбекова университеттің өзінің «тұрақтылықты қолдау» әсерін кеңейту үшін айтарлықтай әлеуеті бар екенін және ҚазҰУ командасы осы саладағы жаңа бастамалар мен ынтымақтастыққа дайын екенін атап өтті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар
