ҚазҰУ ғалымдары климаттық өзгерістерге сараптама ұсындыFarabi University

ҚазҰУ ғалымдары климаттық өзгерістерге сараптама ұсынды

31 шілде, 2025

Қытай Ғылым академиясының Шыңжаң экология және география институтында «Бір белдеу, бір жол» өңірлік ұлттық және халықаралық ғылыми ұйымдар альянсы (CAS-ANSO) бағдарламасы аясында қазақстандық зерттеушілердің тағылымдамасы қорытындыланған семинар өтті.

CAS-ANSO-FS-2024-29 және CAS-ANSO-FS-2024-15 гранттарымен қолдау тапқан жоба Орталық Азиядағы шөлейттену мен жердің тозуы мәселелерін зерттеу үшін Қазақстан мен Қытай ғалымдарының күшін біріктірді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Қашықтықтан зондтау технологиялары және оны қолдану жөніндегі Қазақстан-Қытай бірлескен зертханасының ғылыми қызметкерлері, география, жерге орналастыру және кадастр кафедрасының оқытушылары PhD Дана Шоқпарова мен PhD Сәнім Бисенбаева «Орталық Азиядағы дивергенттік аридизация: климаттық тенденциялар, жер пайдалану әсері және тұрақты даму жолдары» тақырыбында баяндама жасады.

Профессор А. Джилилидің жетекшілігімен ғалымдар алты айлық тағылымдаманың негізгі нәтижелерін таныстырды. Олардың ішінде климаттық үрдістердің талдауы, шөлейттенудің динамикасы және Қазақстан экожүйелеріне антропогендік әсерге қатысты деректер бар. Семинарға институт әкімшілігі, халықаралық бөлім өкілдері, сарапшылар, жас ғалымдар, магистранттар мен докторанттар қатысты.

Д. Шоқпарова мен С. Бисенбаева Орталық Азиядағы экологиялық және климаттық қиындықтарды шешуде кешенді тәсілдің маңыздылығын атап өтті. Олар негізгі үш мәселеге: құрғақ аймақтардың кеңеюі, антропогендік әсерден туындаған топырақтың тозуы және Іле-Балқаш өңірінде суды тұрақты пайдалану үшін халықаралық ынтымақтастықтың қажеттілігіне тоқталды.

Бағдарлама аясында Scopus және Web of Science сияқты халықаралық дерекқорларда индекселетін жетекші (Q1 және Q2 квартильдегі) ғылыми журналдарға жариялануға арналған мақалалар дайындалды. Бұл жарияланымдарда Орталық Азиядағы аридизация динамикасы мен жерді тұрақты пайдалануға қатысты инновациялық зерттеу нәтижелері қамтылған.

Семинар институттың PIFI-International сияқты постдокторанттарға арналған бағдарламалар мен шетелдік сарапшыларды тартуды көздейтін табысты халықаралық жобалар дәстүрін жалғастырды. Бұл бастамалардың өңірдегі ғылыми ынтымақтастықты нығайтудағы маңыздылығы тағы бір мәрте расталды.

Семинар қорытындысы климаттың өзгеруіне бейімделу саясатында ғылыми деректерді интеграциялаудың қажеттілігін көрсетті. Қатысушылар бірлескен зерттеулерді жалғастыруға және шөлейттену қаупін болжауда машиналық оқыту әдістерін енгізуге дайын екендерін жеткізді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі