ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРЛІГІ ҚАЗҰУ ҒАЛЫМДАРЫМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ОРНАТАДЫFarabi University

ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРЛІГІ ҚАЗҰУ ҒАЛЫМДАРЫМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ОРНАТАДЫ

15 тамыз, 2025

      Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев пен Қазақстан Республикасының экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың кездесуі өтті. 

        

Жүздесу барысында тараптар экологиялық білім беру, тұрақты даму, «жасыл» технологияларды енгізу және салаға білікті мамандар даярлау мәселелерін талқылады. Ресми бөлімнен кейін министр Ерлан Нұрәліұлы университет кампусын аралап, ҚазҰУ-дың жетекші ғылыми орталықтары мен зертханаларының жұмысымен танысты.  Алғашқы нысандардың бірі – тұрақты даму және ұтымды табиғи ресурстарды пайдалану ғылыми орталығы болды. География және табиғатты пайдалану факультетінің деканы Әлия Ақтымбаева орталықтың қоршаған ортаның жай-күйін бақылау, экологиялық картографияны дамыту және білім беру бағдарламаларын тұрақты даму мақсаттарына бейімдеу бойынша жүзеге асырып жатқан жобалары туралы жан-жақты ақпарат берді.

Сондай-ақ министр география және табиғатты пайдалану факультеті базасындағы Жерді қашықтықтан зондтау орталығының қызметімен танысты. Министрге экологиялық жағдайды бағалауда қолданылатын заманауи қашықтықтан зондтау деректерін талдау әдістері көрсетілді.

Farabi Chem Science кластерлік ғылыми платформасының қызметі туралы химия және химиялық технология факультетінің деканы Мөлдір Дүйсебаева баяндап, жасыл химия, өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу және экологиялық қауіпсіз реагенттерді әзірлеу саласындағы жобаларға назар аударды.

«Суперкомпьютер» орталығында министр климатология, экология және табиғи үдерістерді модельдеу саласындағы ғылыми зерттеулер үшін жоғары өнімді есептеу мүмкіндіктері туралы ақпаратпен танысты. Ақпараттық технологиялар департаментінің директоры Ғалымжан Сариев суперкомпьтер қызметі жайында баяндады.

Ғылыми орталықтардың жұмысын талқылау барысында ҚазҰУ ғалымдары министрге экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған бірқатар бірлескен жобаларды ұсынды. Өз кезегінде Ерлан Нысанбаев тиімді ынтымақтастық орнатуға дайын екенін білдірді.

Сондай-ақ министр ҚазҰУ-дың Farabi HUB орталығы мен Робототехника және мехатроника бойынша компетенция орталығын аралап, университеттің жетекші ғылыми зертханалары мен инновациялық жобаларымен танысты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі