ҚАЗҰУ РЕКТОРЫ БЕЛГІЛІ ЖУРНАЛИСТІ ҚАБЫЛДАДЫFarabi University

ҚАЗҰУ РЕКТОРЫ БЕЛГІЛІ ЖУРНАЛИСТІ ҚАБЫЛДАДЫ

18 тамыз, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Журналистер академиясының академигі, белгілі журналист, қаламгер  Аяған Өтенұлы Сандыбайды қабылдады.

Кездесу барысында ректор Аяған Сандыбайды 75 жасқа толуымен құттықтап, қазақ журналистикасының дамуына және ұлттық мәдениет пен рухани құндылықтарды насихаттауға қосқан елеулі үлесін атап өтті.

«Сіздің жауапкершілік пен адалдық, кәсіби біліктілік пен өмірлік ұстанымыңыз әріптестеріңіз бен кейінгі буынға үлгі . қазақ қоғамы ұлттық тарих пен мәдениетімізді насихаттаудағы өлшеусіз еңбегіңізді жоғары бағалайды. Отандық журналистикадағы жемісті қызметіңізбен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Журналистер Академиясының академигі атандыңыз. Университет өзіңіздей қайраткер түлегін мақтан тұтады»,– деді ректор.

Аяған Сандыбай еңбек жолын ҚазТАГ ақпараттық агенттігінде бастап, ҚР Президенті Әкімшілігінің сектор меңгерушісі, ҚР Президентінің Баспасөз қызметінің басшысы, ҚР Баспа және бұқаралық ақпарат министрінің орынбасары, «Қазақстан» телерадио» корпорациясының бірінші вице-президенті, «Қазақ теледидарының» бас директоры, «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы» АҚ-тың жұртшылықпен байланыс департаментінің директоры,  «Қазмедиа Орталығы» ЖШС бас директорының орынбасары, «Астана ақшамы», «Мысль»  басылымдарының  бас редакторы қызметтерін атқарған. Бірнеше публицистикалық кітаптар мен тележобалардың авторы.

Жансейіт Түймебаев  Аяған Өтенұлының бай тәжірибесі мен белсенді азаматтық ұстанымы жас ұрпаққа шабыт беріп, қазақстандық журналистиканы дамыту мен ұлттық мәдениетті нығайту жолында қызмет ете беретініне сенім білдірді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі