ҚАЗҰУ МЕН HUIBO ROBOTICS КҮШ БІРІКТІРУДЕFarabi University

ҚАЗҰУ МЕН HUIBO ROBOTICS КҮШ БІРІКТІРУДЕ

18 тамыз, 2025

Қытайдың Сучжоу қаласында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Солтүстік-Батыс политехникалық университеті, Сучжоу университеті және Jiangsu Huibo Robotics Technology Co., Ltd. компаниясы арасында ынтымақтастыққа бағытталған стратегиялық сессия өтті.

Сессияға қатысқан делегация құрамында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық жұмыс жөніндегі проректор Марғұлан Ибрайымов, Коммерцияландыру және креативті индустрия орталығының директоры Алмас Гаухар, Солтүстік-Батыс политехникалық университетінің Халықаралық білім беру институтының деканы Кун Цзе және басқа да өкілдер болды.

Стратегиялық сессияның басты мақсаты – білім беру мен робототехника салаларында өзара тиімді ынтымақтастық бағыттарын талқылау, жаңа академиялық бағдарламалар мен халықаралық білім беру бастамаларын қалыптастыру.

Күн тәртібінде: «Жібек жолы робототехникалық дағдылар халықаралық байқауын» бірлесіп өткізу; «Жасанды интеллект + өнеркәсіптік робототехника» бағытында жаңа білім беру бағдарламасын ашу; Қазақстанда жасанды интеллект мамандарын даярлау стандарттарын сертификаттау және Алматыда бірлескен AI-зертханасын құру мәселелері қаралды.

Ғылыми-инновациялық жұмыс жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов кездесудің маңызын атап өтіп: «Біздің университеттер мен индустрия арасындағы байланысты нығайту – халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті жоғары білікті мамандар даярлауда маңызды қадам», – деді.

Коммерцияландыру және креативті индустрия орталығының директоры Алмас Гаухар өз сөзінде: «Бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу және заманауи бағыттар бойынша оқыту инфрақұрылымын дамыту – студенттерімізге озық технологиялар мен заманауи білімге жол ашады», – деді.

Бұл стратегиялық сессия ҚазҰУ үшін халықаралық серіктестікті тереңдетуге және жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға кең мүмкіндік ашады. Мұндай шаралар тек академиялық байланысты күшейтіп қана қоймай, білім мен ғылымға инновациялық тәсілдерді енгізуге қолайлы жағдай жасайды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі