Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Жапония мен Корея серіктес университет студенттеріне арналған жазғы мектеп өтудеFarabi University

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Жапония мен Корея серіктес университет студенттеріне арналған жазғы мектеп өтуде

18 тамыз, 2025

2025 жылғы 5–25 тамыз аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультеті, Қиыр Шығыс кафедрасы Жапония мен Корея Республикасының серіктес жоғары оқу орындарымен бірлесе отырып, шетелдік студенттерге арналған жазғы мектеп ұйымдастыруда.

Жобаға Жапонияның және Корея Республикасының жетекші университеттері – Сунгшин қыздар университеті, Хангук шет тілдер университеті, Киото университеті, Токио университеті, Васэда университеті, София университеті және Цукуба университеті студенттері қатысуда.

Жазғы мектептің негізгі мақсаты Қызықстанға қызығушылығы артып жатқан студенттерге  қазақ және орыс тілдерін оқыту арқылы Қазақстанның мәдениеті мен тарихын халықаралық деңгейде насихаттау, сондай-ақ жас ғалымдар арасында мәдени және академиялық байланыстарды нығайту.

Үш аптаға созылатын оқу барысында қатысушылар:

  • қазақ және орыс тілдері бойынша қарқынды сабақтарға қатысады;
  • Қазақстанның тарихы мен мәдениеті жөнінде дәрістер тыңдайды;
  • мәдени-ағартушылық және танымдық іс-шараларға қатысады.

Студенттер университет оқытушыларының жетекшілігімен Орталық мемлекеттік музейге, табиғаты әсем Шарын шатқалына, сондай-ақ Тамғалы-Тас тарихи-археологиялық кешеніне саяхат жасап, еліміздің мәдени мұрасымен жақын танысуда.

Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай халықаралық жобалар Қазақстан, Жапония және Корея арасындағы мәдени диалогты дамытуға, академиялық ынтымақтастықты кеңейтуге, сондай-ақ студенттердің кәсіби және жеке дамуына ықпал етеді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ алдағы уақытта да серіктес университеттермен бірлескен жобаларды жалғастырып, халықаралық академиялық байланыстарды одан әрі нығайта бермек.