ҚАЗАҚСТАН – ҚЫТАЙ БІРЛЕСКЕН ЗЕРТХАНАСЫ ЭКОЖОБАЛАРДЫ ІСКЕ АСЫРУДАFarabi University

ҚАЗАҚСТАН – ҚЫТАЙ БІРЛЕСКЕН ЗЕРТХАНАСЫ ЭКОЖОБАЛАРДЫ ІСКЕ АСЫРУДА

21 тамыз, 2025

Жаһандану дәуірінде экологиялық қауіп-қатерлерді заманауи ғылыми әдістер мен халықаралық ынтымақтастықсыз шешу мүмкін емес. Осындай тиімді әріптестіктің жарқын үлгісі – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Қытай ғылым академиясына қарасты Шыңжаң экология және география институтының бірлескен жобасы.

Аталған ынтымақтастықтың нәтижесінде ҚазҰУ базасында «Қашықтықтан зондтау технологиялары және оларды қолдану» атты Қазақстан–Қытай зертханасы табысты жұмыс істеуде.

Қытайлық әріптестер тарапынан ұсынылған заманауи техникалық жабдықтар зертхананың дамуына ықпал етті. Мұнда аса күрделі ғылыми міндеттер атқарылуда және онда үш өлшемді картографиядан бастап, микроклиматтық процестерді бақылауды атқара алатын жоғары технологиялық құрал-жабдықтар шоғырланған.

Зертхананың техникалық әлеуетінің өзегін DJI Matrice 300 RTK және DJI Mavic 3M атты ұшқышсыз ұшу аппараттары құрайды. Matrice 300 RTK жоғары дәлдікпен навигация жасап, ауыр жүктемені көтере алады, бұл оны аэротүсірілім, экологиялық мониторинг пен картографиялау үшін таптырмас құрал. Ал Mavic 3M шағын әрі мобильді құрылғы ретінде баратын жолы қиын аймақтарды жедел зерттеуге мүмкіндік береді. Осы құрылғылар арқылы жайылымдар, су көздері мен егістік жерлер бақыланып, топырақтың тозу деңгейі анықталады. Жер бедерін үш өлшемді модельдеу ісінде Zenmuse L1 лидар жүйесі ерекше маңызды. Ол жердің жоғары дәлдіктегі үш өлшемді цифрлық модельдерін құрастырып, әсіресе Қазақстанның таулы аймақтарындағы көшкін және сел қаупін бағалауда таптырмас дерек көзіне айналды. Бұл жүйемен қатар Zenmuse P1 толық кадрлы сенсорлы камерасы фотограмметрия мен нақты картографиялық жұмыстардың сапасын арттырады.

Далалық жұмыстарда қолданылатын геодезиялық құралдар мен портативті спектрометрлер, топырақ пен өсімдіктердің физика-химиялық қасиеттерін анықтауға мүмкіндік береді. Мұндай деректер экологиялық модельдерді нақтыландырып, жердегі бақылау нәтижелерінің дәлдігін арттырады.

Жиналған ақпараттарды өңдеу, талдау және визуализациялау ArcGIS Pro, QGIS және DJI Terra сынды жетекші бағдарламалық платформалар арқылы жүзеге асырылады. Бұл жүйелер арқылы тек нақты карталар жасалып қана қоймай, табиғи және климаттық процестерді модельдеу, экологиялық қауіптерді бағалау және табиғатты пайдалануға қатысты ғылыми болжамдар жасау мүмкіндігі артады.

Мұндай заманауи жабдықтар зертханаға маңызды ғылыми және қолданбалы жобаларға қатысуға мүмкіндік беріп отыр.

Алматы қаласында атмосфера сапасын бақылау бойынша WRF-CHIMERE климаттық моделімен зерттеулер жүргізілуде. Бұл жұмыс зиянды PM2.5 бөлшектер концентрациясын төмендетуге бағытталған. Сонымен қатар Іле–Балқаш алабының су теңгерімі зерттеліп, Орталық Қазақстандағы жер тозу үрдістері талдануда. Таулы аймақтарда Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «Қазселденқорғау» мекемесімен бірлесіп, көшкін және сел қаупін бағалау жұмыстары атқарылып, Түркістан облысының Төле би ауданында опырылу қаупі бар учаскелердің паспорттары жасалуда.

Осылайша, зертхана экология, тұрақты даму және қауіпсіздік бағытындағы  қажеттіліктерге қызмет ететін озық инженерлік шешімдер шоғырланған халықаралық деңгейдегі жоғары технологиялық алаңға айналып отыр.

Қытай тарапынан көрсетілген техникалық қолдау ҚазҰУ-дың ғылыми әлеуетін арттырып қана қоймай, бірлескен зерттеулерді XXI ғасырдың жаһандық экологиялық сын-қатерлеріне лайық деңгейге көтерді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі