ҚАЗҰУ-ДА САЯСАТТАНУШЫЛАРДЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАЗҒЫ МЕКТЕБІ ӨТУДЕFarabi University

ҚАЗҰУ-ДА САЯСАТТАНУШЫЛАРДЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАЗҒЫ МЕКТЕБІ ӨТУДЕ

21 тамыз, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде саясаттанушылардың «Қазақстанда құқықтық және демократиялық мемлекетті қалыптастырудағы мемлекеттік басқару институттары мен азаматтық қоғамның рөлі» атты ХІV Халықаралық жазғы мектебі өз жұмысын бастады.

Шараның негізгі мақсаты – Қазақстандағы саяси білім беруді дамытуға, саясаттану мен әлеуметтік-гуманитарлық пәндер оқытушыларының біліктілігін арттыруға, сондай-ақ отандық саяси ғылымның сараптамалық әлеуетін күшейтуге ықпал ету.

Ашылу салтанатында ҚазҰУ-дың Басқарма төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов құттықтау сөз сөйледі. Ол бұл шараның Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай өткізіліп отырғанын және оның маңыздылығын ерекше атап өтті. Сондай-ақ бірінші проректор жазғы мектепті дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастыратын Қазақстанның Гуманитарлық-саяси конъюнктура орталығының жұмысын жоғары бағалады. Аталған мектеп посткеңестік елдердегі саяси трансформация үдерістерін талқылайтын дәрістер мен пікірталастар алаңы ретінде белгілі.

«Бүгінде Қазақстан терең саяси және әлеуметтік реформалар жолына түсті. Мұндай кезеңде билік институттарының трансформациясын, азаматтық қоғамның белсенділігін ғылыми тұрғыдан зерделеу айрықша маңызды. Жазғы мектеп сияқты диалог алаңдары пәнаралық сараптама жүргізуге, халықаралық тәжірибе алмасуға және инновациялық шешімдер ұсынуға жол ашады. Біздің университет тек академиялық білім орталығы ғана емес, сонымен қатар елінің болашағына әсер ете алатын жауапты көшбасшылардың, зерттеушілер мен сарапшылардың жаңа буынын тәрбиелеуге бағытталған кеңістік болуға ұмтылады», – деді бірінші проректор Еркін Дүйсенов.

Жазғы мектеп аясында қазақстандық және шетелдік жетекші ғалымдар мен сарапшылар дәрістер оқиды. Олардың қатарында – Бразилияның Саяси зерттеулер қауымдастығының (ABCP) президенті, Минас-Жерайс Федералдық университетінің (UFMG) профессоры Бруно Пиньейро Вандерлей Рейс, Өзбекстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық реформалар агенттігінің Нәтижелерге қол жеткізу кеңсесінің басшысы Азиза Умарова, тәуелсіз зерттеуші, «Грузияның даму және прогресі үшін халықаралық қауымдастығының» президенті Зураб Бежанишвили, Ресей СІМ Мәскеу халықаралық қатынастар институтының (МГИМО) саяси теория кафедрасының профессоры, саяси ғылымдар докторы Кирилл Коктыш және басқа да беделді мамандар бар.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында өтіп жатқан ауқымды шара үш күнге жалғасады. Қатысушылар үшін заманауи саясаттану ғылымының өзекті тақырыптарын қамтитын мазмұнды дәрістер, дөңгелек үстелдер мен семинарлар бағдарламасы дайындалған.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі