Екі ел министрлері ҚазҰУ филиалының ұжымымен кездесті

Қазақстан мен Қырғызстан жоғары білім министрлері Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Бішкек қаласындағы филиалына ресми сапары аясында оқытушы-профессорлар құрамы және студенттермен жүздесті.
Шараға Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Марғұлан Ибрайымов, Қырғыз Республикасының Жоғары білім және инновациялар министрі Бақтияр Орозов және министр орынбасары Нұрлан Омуров, ҚазҰУ филиалының директоры Жамин Шейшенов қатысты.
Кездесуде Марғұлан Ибрайымов пен Жамин Шейшенов оқу орнының қызметі жайлы кеңінен айтып, «Біздің филиал сапалы білім беруді қамтамасыз етумен қатар, халықаралық білім беру қоғамдастығына енуді мақсат етеді», – деп атап өтті. Ол білім беру стандарттарын дамыту және мамандарды даярлау сапасын арттыру үшін ғылым мен білім саласындағы мемлекетаралық ынтымақтастықтың маңыздылығына айрықша назар аударды.
Қатысушылар өзара пікір алмасуға белсенді атсалысып, көкейдегі сұрақтарына жауап алды. Студенттер оқуды тамамдаған соң жұмысқа орналасу мүмкіндіктері мен қосымша білім жетілдіру жолдарына қызығушылық танытты. Қырғыз Республикасының министрі Бақтияр Орозов өз тарапынан: «Біздің түлектеріміздің еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуы маңызды. Біз қазіргі заманғы талаптарға сәйкес келетін жаңа білім беру стандарттарын енгізу бойынша жұмыс істеп жатырмыз», – деп пікір білдірді.
Сондай-ақ басқосуда оқу процесін жаңғырту және білім беру бағдарламаларына жаңа технологияларды енгізу мәселелері талқыланды. Оқытушылар пәнаралық жобалар мен ғылыми зерттеулер құру бойынша өз идеяларымен бөлісті.
Шара соңында министрлер филиалдың құрмет кітабына жылы лебіздерін қалдырды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар
