
2025–2026 оқу жылында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті тарапынан 638 білім гранты бөлінді. Оның ішінде 88-і мақсатты гранттар, ал ҚР Денсаулық сақтау министрлігі қосымша 4 грант бөлді.
2025 жылғы 3 шілде мен 3 тамыз аралығында университеттің қабылдау комиссиясына докторантураға түсу үшін 822 өтініш қабылданды. Бұл көрсеткіш еліміздің барлық өңірлерінен келген талапкерлердің ғылыми әлеуетінің жоғары екенін дәлелдейді.
Конкурстық материалдар мен емтихан нәтижелері Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы №600 бұйрығымен бекітілген Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларына сәйкес қарастырылды. Нәтижесінде 514 үміткер докторантураға оқуға ұсынылды.
Осылайша, 514 талапкер білім гранты иегері атанды, оның ішінде 64-і мақсатты грант иегері. Олар еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін аса маңызды салаларда ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге даярланады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бүгінде еліміздегі ғылым мен жоғары білімнің көшбасшысы болып табылады. Университет докторанттарға заманауи зертханаларда жұмыс істеуге, халықаралық әріптестік аясында жетекші ғалымдармен бірлескен зерттеулер жүргізуге кең мүмкіндік ұсынады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар

